Вторник, 17 сентября

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДАҒЫ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ БАҚЫЛАУДА

0
57

Президент Қ.Тоқаевтың 2025 жыл­ға дейін ауыл халқын сапалы ауыз су­мен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын белгіленген мерзім ішінде орындап шығу Түркістан облысы­ның әлеумет­тік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттың бірі болып отыр.

Аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылдық округі аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан спорт кешені, ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын тексеріп шықты.

Округтегі іссапары барысында аудан әкімі Ордабасы ауылына қарасты Баян бұлақ, Таңбалы бұлақ, Ұзын бұлақ, Қылышбұлақ елді мекендеріне жүргізілген ауыз су құрылысын аралап, тұрғын үйлерге су кіргізу жұмыстарын тексеріп шықты.
Азат Әбдіғалиұлы су құбырларының қыс мезгілінде қатты суықтан сақтау үшін жер асты жүйелерін қаптау жұмыстарын жүргізіп, ауыз судың ауылға іркілісіз жетуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
“Кез-келген құрылыс жұмыстарын алғаш бастаған сәттен бастап сапасына көңіл бөлген дұрыс. Сондықтан ауданымызда салынып жатқан құрылыс нысандарында ең бірінші кезекте сапа мәселесі тұруы керек” деді аудан әкімі Орда мөлтек ауданында салынып жатқан спорт кешенін аралау сәтінде.
Аудан басшысы 210 орынға лайықталған жаңа спорт кешенін аралау барысында аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысына жұмыс кестесіне сай құрылысты мерзімінде аяқтауды айтты. Мұнан соң аудан басшысы аталған мөлтек аудандағы екі қабатты тұрғын үйдің ішкі коммуналдық жүйелерін, сыртқы қасбетін тексеріп, ауыл әкімі, салалық бөлім басшысына тұрғын үй ауласына балалар ойын алаңшасын орнату, көгалдандыру, кәріз жүйесін реттеу, басқа ауылдардан көшіп келген азаматтарды қоғамдық жұмыстарға тарту бойынша нақты тапсырма берді.
Одан бөлек, аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде өткен жылғы көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстардың өнімділігі және 2024 жылғы жоспар, аудан аумағындағы қоғамдық саяси ахуал, ауылшаруашылық бағытындағы ағын су арналарының бүгінгі жай-күйі, осы жылы атқарылатын жұмыстар жөнінде кеңінен талқыланды.
Әуелі аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков биыл аудан аумағына отырғызылатын ағаш көшеттерінің жоспары бойынша баяндады.
«Биыл көктем мезгіліне облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен 23 150 дана ағаш көшеттері босатылып берілген. Аталған көшеттер 10 ауылдық округі әкімдіктері мен «Темірлан абаттандыру» мекемесіне үлестіріліп, арнайы белгіленген орындарға егілетін болады», деді өз баяндамасында салалық бөлім жауаптысы.
Аудан басшысы округ әкімдері, жауапты мекеме басшыларына көктемгі науқанға осы бастан дайындықты күшейтіп, сапалы ағаш көшеттерін алдырып, суғару көздері, қоршау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді, жасылдандыру бағытында берілген жоспармен ғана шектеліп қалмай, отырғызылатын көшет санын көбейтуді де тапсырды.
Аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ аудан аумағындағы қоғамдық саяси ахуалға кері әсер еретін мәселерге тоқталып, 2 ыстық нүкте, 12 ыстық нүктеге айналу ықтималдығы жоғары мәселелер, 1 халықтың жаппай наразылығын тудыратын мәселер бойынша зерделеу жұмыстарын ортаға салды. Сонымен қатар, аталған өзекті мәселелердің оңды шешім табуына жауапты бөлімдер тарапынан алдын алу шаралары бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Аудан әкімі салалық бөлім басшысына атап өткен мәселелер бойынша кездесулер ұйымдастырып, қордаланған проблемаларды дер кезінде шешуді жүктеді.
Аппараттық мәжілісте аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков коммуналдық меншіктегі каналдардың қазіргі жай-күйі туралы ақпарат беріп, биылғы жоспарымен бөлісті.
Бөлім басшысының хабарлауынша каналдарды ағымдағы және механикалық тазалау бойынша «Құртай» каналының 1500 м, «Қазыналық» каналының 350 м тазаланса, «Найман» каналын бетондау жұмыстары жүргізілген. Жалпы аудандағы 90 каналдың жалпы ұзындығы 840 шақырымды құрап, 33 542 гектар суармалы жерді суаруға қауқарлы.Аудан әкімі жуырда әкімдік тарапынан каналдарды тазалауға алынған 2 техниканы кесте бойынша аудандағы су арналарын тазалау жұмыстарына жұмылдыруды, көктем, жазғы диқаншылық кезінде ағын судың шаруаларға іркіліссіз жетуін қамтамасыз етуді міндеттеді. Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы мәжілісте «Ауыл аманаты» бағдарламасы, кіріс көздерін арттыру бойынша да жауапты мекеме басшыларының қысқаша есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Бүгінгі таңда таза ауыз су мә­селесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. БҰҰ-ның дерегінше, дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Дү­ниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) су ресурстары бойынша климаттық қызметтердің жай-күйі туралы соңғы есебіне сәйкес, суға байланысты тәуекел­дер жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2000 жыл­дан бастап су тасқыны – 134, құрғақшылықтың ұзақтығы 29 пайызға өскен.

Leave a reply