ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
55


Ордабасы ауданы, Бадам ауылында тәулігіне 50 тонна сүт өнімі өңдейтін «Бөрте милка» сүт зауыты бүгінде қарқынды жұмыс жүргізіп келді.. Сүт өңдеу зауытына Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған. Кәсіпорын мемлекеттен алған көмек аясында қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрығының аясында және Түркістан облысы әкімінің қаулысының негізінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылық басқармасына өтінім тапсыру арқылы инвестиция салынды. Сол инвестиция мен техниканың 25-тен 30% дейін, өңдеу мекемелеріне өткізген көлемге яғни сауылған сүттің әр литрына 30-дан 45 теңгеге дейін субсидия ретінде көмек алынады. Бұдан бөлек, сиырды қолдан ұрықтандыруға әр ұрықтың дозасына кеткен шығынның 50 %, шаруашылықтың аналық басының саны 600 бастан асқанда әр сиырға 120 мың теңгеден жылына субсидия беріліп отырылады. Ал шетелден сатылып алынған құнажындардың әр басына 400 мың теңгеден субсидия беріледі. Сүт зауытында қазіргі таңда 47 адам жұмыспен қамтылған, ал сүт фермасында 60 адам еңбек етеді. Бастапқыда фермаға 2016 жылы 408 бас ірі қара мал Венгриядан әкелінген екен. Содан бері мал басы жылдан жылға өсіп, бүгінгі таңда 1041 басты құрап отыр. Сиырлар – «Голштейн» тұқымына (породасы) жатады. Жалпы сүт фермасында төрт қора бар, әрқайсысында 150-200-ден ірі қара малы орналасқан. Сиырлардың құлағында чип орнатылған. Сауын орнына осы чип арқылы кіріп шығады. Оларға бар-жоғы 9 ветеринар маман қарайды. Оның ішінде 3 адам сиырлардың тұяқтарына, 3 адам жалпы ірі қара малының денсаулығына күтім жасаса, 3 адам олардың ұрықтануын қадағалап отырады. Толығымен автоматтандырылған сиыр фермасында ауа температурасы 25 градусты құрайды. Одан жоғарыласа арнайы желдеткіштер іске қосылады. Мүйізді қараның малағы аппаратпен тазаланады, ал желінін жуып тазалап, сауып алу роботтарға жүктелген. Кәсіпорын шығарған өнімдердің барлығы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында сатылады. Компания басшысының айтуынша, алдағы уақытта Тараз және Алматы қалаларына да сатылымға шығару жоспарланып отыр. Зауыт қаймақ, кефир, тұзды айран, йогурт, құрт, май және балмұздақ өнімдерін өндіреді. Бұл таза, ешқандай қоспасыз өнім болғандықтан, оларды сақтау мерзімдері бір айдан аспайды. Кәсіпорын басшысы адамдар белгілі бір өнім сатып алар кезде оның таза, қоспасыз екендігін айыра білу үшін алдымен не нәрсеге мән беру керектігіне тоқталып өтті. Фермадағы 4 қорада 8 сиыр сауатын робот және сиырларға жем-шөпті беріп отыратын 4 қосымша робот орналасқан. Сиырды сауатын роботтың 6-уы Швециядан және 4 қосымша жем-шөп беретін робот пен 2 сиыр сауатын робот Голландия мемлекеттерінен әкелінген. Ал сүт зауытындағы барлық техникалық құрал-жабдықтар Италия мен Ресей Федерациясынан әкелініп қойылған. Короновирус індетінің барлық салаға кері әсері тигені рас. Пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпай, шаруасын дөңгелеткен «Бөрте милка» ЖШС сүт өңдеу зауыты жабық түрде жұмысын жалғастырды. Жұмысшылардың сапалы еңбек етуі үшін барлық тиісті іс-шаралар қабылданды. Сатылымға келетін болсақ, шектеулер кезінде барлық шекаралар жабық болғандықтан, шет мемлекеттен көп өнімдер біздің мемлекетке кірмеді. Соның әсерінен жергілікті өнім есебінде «Бөрте милканың» сүт тағамдары өте жақсы өткен. Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті Түркістан өңірінде осылай іске асырылып жатыр. Компания басшысы жаңа қондырғылар алып, қайта өңделген сүт өнімдерін көбейте түскен.
Еске сала кетсек, «Бөрте милка» кәсіпорны 2017 жылы «Үздік инновациялық жоба номинациясы», 2018 жылы «Үздік инновациялық жоба номинациясы», Түркістан облысының ең үздік тауар өндірушілерінің «Turkistan Onimderi 2019» көрме жәрмеңкесінде «Жыл бренді» аталымын жеңіп алған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Түркістан облысы әкімдігі «Облыстың кәсіпкерлік саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін» дипломының иегері атанған.
– Бұл ферма мен зауытты салғандағы мақсатым – қазақ халқы, бізден кейінгі ұрпақ таза отандық өнім тұтынсын деген ниетпен аштым. Сонымен қатар, жаңа технологиялар енгізу арқылы жұмыс күшін азайтып, көп өнім алуды басты мақсат тұттық. Бүгінде сол көздеген межеге жетіп отырмыз. Фермадағы мал басының жем-шөбіне келетін болсақ, сүтті көбейту мақсатында жем-шөптің бірнеше түрін беріп отырамыз. Мысалы, шөп, силос (сүрленген жүгері), сенаж (жоңышқа) беріледі. Өзіңіз білетіндей ешқандай қоспасыз жасалынған сүт өнімдерінің сақтау мерзімі аз әрі қысқа болады. Жұртшылық сүттің таза, құнарлы, қоспасыз екенін ажырату үшін қораптағы сүт өнімдерінің сақтау мерзіміне мән беру керек. Жыл сайын Ордабасы ауданындағы шаруа қожалықтарымен келісім-шартқа тұрып, сол өнімді алып отырамыз. Сондай-ақ, Бөген ауылындағы шаруа қожалықтарымен де келісім-шартқа отырғанбыз. Олардан сабан, бидай, арпа, жүгері дәндері мен кебек, шрот аламыз. Қосымша сиырларға витаминдер беріп, сүттің молаюына осылайша әрекет жасап отырамыз. Бүгінде мемлекет тарапынан мал шаруашылығы кәсібіне өте көп жеңілдіктермен көмек беріліп жатыр. Алайда соған қарамастан біздің елде қазірге дейін ет пен сүт өнімдерін шет мемлекеттерден алып отыр. Сол себепті жаңа кәсіп бастайтындарға мал шаруашылығымен айналысып, мал басын көбейтуге кеңес берер едім. Бәсекелестік туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда Қазақстан мемлекеті көп нәрсені шет мемлекеттен әкеледі, сонымен бірге сүт өнімдерін сырттан тасып жатыр. Қосымша қанша ферма мен зауыттар соғылса да біздің ішкі нарықтағы тұтынуымызға әлі күнге дейін сүт өнімдері жеткіліксіз болып отыр. Сол себепті, керісінше мал басын көбейтіп, көптеген сүт өнімдерін шығаратын зауыт пен фермалар салу керек деп ойлаймын. Мемлекет берген мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді пайдаланып, Тәуелсіздіктің әрбір жетістігіне үлес қосуымыз керек. Агроөнеркәсіптік кешендер жер-жерде бәсекеге қабілетті болып, ел экономикасын көтеруге атсалыса берсін, – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ, Бадам ауылында «BOKEI» ЖШС-ң толық автоматтандырылған қыш зауыты жұмыс істейді. Өндіріс орны бүгінде тәулігіне 100 мың дана қыш өндіреді. Италия, Жапония, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыт Түркістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтуға қауқарлы. Өндіріс орнында бүгінде 30 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, ауданда «KazKioti» ЖШС – трактор жинау зауыты бар. Бүгінде Ордабасы индустриалды аймағында құрастырылатын тракторларға сұраныс жоғары. 2021 жылдан бастап трактор құрастырумен айналысатын зауыт қазіргі таңда Түркістан облысына ғана емес, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда, Орал мен Ақтөбе қалаларына тракторларын жөнелтуде. Зауытта 60 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Серіктестік жылына 300 дана трактор құрастырады. Сонымен қатар, тракторды сатып алған азаматтарға 30%-дық субсидия беріледі. «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінде Қытай елінің «DongFeng» компаниясымен келісім-шартқа тұрып жұмыс жүргізуде. 2021 жылының тамыз айынан бастап 50 трактор жиналып, сатылған. Кәсіпорын 5 трактордың түрін (40 ат күшімен – 6 500 000 тг., 90 ат күшімен – 13 500 000 тг., 120 ат күшімен – 15 000 000 тг., 140 ат күшімен – 19 000 000 тг., 210 ат күшімен 48 500 000 тг.) жинап шығаруда. Трактор шаруаларға «Оңтүстік» РИЦ» қаржы ұйымы және «КазАгроФинанс» АҚ-мен 5 жыл мерзімге лизинг арқылы 6 пайызбен берілуде. Одан бөлек, Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында «Сұлтанберді» жылыжай кешені орнласқан. Кешеннің инвестициялық құны – 420 млн теңге. 2 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда 2020 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда 15 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тонна өнім өндіреді. Бұдан бөлек, жалпы ауданда 105,9 гектар алқапқа жылыжай кешені бар. Оның ішінде 21 гектары – өндірістік жылыжайлар, ал 84,9 гектар аумағы – фермерлік жылыжайлар. Сонымен қатар, Шұбар ауылында «Тоғжан» мал бордақылау алаңы бар. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несиемен 7,5 млн теңге қаржы алған. Бүгінде орталықта 16 мал басы бордақыланып жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкер бал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Жалпы аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 4 ауылдық округ енгілген. Несие алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан құжаттар қабылданып, бүгінгі таңда 1 млрд. 753 млн теңге құрайтын 337 жобаға өтініш түскен. Оның ішінде 1 млрд. 511 млн теңге құрайтын 232 жоба мақұлданып, жалпы соммасы 1 млрд 43 млн теңгеге 165 жоба қаржыландырылған.
Осы орайда мал бордақылау саласы бойынша ақпараттарды оқырман назарына ұсынамыз. Бордақылау дегеніміз — малды сапалы ет пен майды көп алу үшін сояр алдында жемге байлап қолдан семірту. Бордақылау мерзімінің ұзақтығы түліктің түріне, малдың жасына, бастапқы салмағы мен қоңдылығына байланысты. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сарапшылары бұл көрсеткішті өңірлерде енді аяқтан тұрып келе жатқан кәсіпкер-фермерлер үшін үлкен кедергі деп таныған. Сол үшін аталған қағидаға түзету енгізіп, «Мал бордақылауға арналған объектілерді құру және кеңейту» жобасының № 5 паспортына ірі қара малды біржолғы күтіп-бағу 500 басқа дейін, қойды да біржолғы күтіп-бағу 500 басқа дейін азайту жолымен» кәсіпкердің инвестициялық шығыстардың бір бөлігін субсидиялау қажет деген нұсқау беріп отыр. Ересек ірі қараны, негізінен жасы жетіп жарамсыз деп табылған сиырды бордақылау бастапқы күйіне қарай 2 — 3 айға созылады. Бордақылау кезеңінде сиыр тәулігіне 800 — 1000 г үстеме салмақ қосып тірілей салм. 18 — 20%, сойыс салм. 40%-ке артады, етінің сапасы да жақсарады. 12 —14 айлық тайыншаларды Бордақылау 3 — 4 айға созылады. Бордақылау маусымында жас малдың салмағы 1,5 есе, еті мен майы 2 есе, етінің калориясы 3 есе артады. Етке өткізетін еркек бұзауларды өсіру мен Бордақылау процестерін толассыз өзара ұштастыру арқылы Бордақылау соңында тайыншаның салмағын 12 — 13 айлығында 380 — 400 кг-ға, 16 — 18 айлығында 450 — 500 кг-ға жеткізуге болады. Бордақылау жұмысын дұрыс ұйымдастырғанда, ірі қара тәулігіне кемінде 1 кг салмақ қосады. Шошқа жасына қарай ет немесе май алу үшін бордақыланады. Шошқа етін өндіру үшін салмақ 25 — 30 кг 3 айлық торайларды 6,5 — 7,5 айлығында 100 — 120 кг-ға жеткенге дейін бордақылайды. Бордақылау қой өсіруде де жиі қолданылады. Қозыны 4,5 — 5 айлығынан бастап салм. 40 — 60 кг-ға жеткенше бордақылайды. Биязы жүнді қойдың қозысын 8 — 8,5 айлығына, биязылау және қылшық жүнді тегене құйрықты қойлардың қозысын 7 — 7,5 айлығына дейін, етке соятын саулық, қошқар, ісектерді басында жайылымда семіртіп, кейін 1 — 1,5 ай қолда жемдеп бордақылайды. Арнайы қой Бордақылау кешендерінде қозы Бордақылау 4 — 4,5 айлығынан 13 — 14 айлығына дейін жүргізіліп, салм. 55 — 65 кг-ға жеткізіледі, алдын ала (1,5 — 2 ай бұрын) қырыққаннан кейін етке өткізіледі. Соғымға белгіленген сақа жылқыны қысқа мерзімде жедел, қоңы орташаларын 35 — 45 күн, қоңы төмендерін 50 — 60 күн бордақылайды. Бұл кезде жылқы тәулігіне орта есеппен 1 — 1,5 кг үстеме салмақ қосады. Мал Бордақылаудың тиімділігін арттыру үшін түліктің барлық түрлеріне ортақ өсіп-даму заңдылықтары басшылыққа алыну керек. Жас малды бордақылағанда алғашқы кезде оның салмағы ет пен сүйегінің толысуына байланысты жүреді де, үстеме салмаққа азық аз жұмсалады, ал одан кейінгі салмақтың артуы (өсуі) денедегі майдың түзілуіне байланысты болғандықтан, азық шығыны көп жұмсалады. Мысалы, еркек бұзауға тәулігіне орта есеппен 1 кг салмақ қосу үшін 6 — 9 айлығында 7 — 7,5 кг, 9 — 12 айлығында 8 — 9 кг, 12 — 15 айлығында 9 — 10 кг, ал 15 — 18 айлығында 10,5 — 11,5 кг азық өлшемі жұмсалады. Дені сау мал ғана тез қоң алып семіреді. Сондықтан Бордақылауға қойылған мал бақылауда болуы қажет. Бордақылайтын табын құрамындағы малдың тұқымы, жасы, жынысы, салмағы, қоңы бірдей болғаны дұрыс. Сонымен қатар бұл туралы Ордабасы ауданында өткен брифингте аудан әкімі Азат Оралбаев айтты.
– «Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық құны 21 млрд 234 млн теңге құрайтын 439 жұмыс орны бар 6 кәсіпорын орналасқан. Жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі «Gold Aluminum» ЖШС – алюминий профильдерін өндіру жобасы. Инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайтын бұл жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу үстінде. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Сондай-ақ, «RZN» ЖШС – автоклавталған газоблок бұйымдарын өндіру жобасы. Биыл желтоқсан айында 25 жұмыс орнымен іске қосылады. Бұл жобаның инвестициялық құны – 1,5 млрд теңге. Сондай-ақ, инвестициялық құны 400 млн теңгені құрайтын тағы 2 жобаның құжаттары рәсімделуде, – деді Азат Әбдіғалиұлы.
Ауданда бизнес-климатты жақсарту бойынша атқарылған жұмыстарды және ірі жобаларды іске асыру нәтижесінде ауданға биыл 9 айда 28 млрд теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі таңда, инвестициялық құны 10 млрд теңгені құрайтын 9 жоба 302 жұмыс орнымен іске асырылуда. Жалпы, бюджеттік инвестициялардың үлесі – 21,4%, жеке инвестициялардың үлесі – 78,6% құрап отыр. Одан бөлек, ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 102,2 млрд теңгені құраған. Оның 59%-ы — ауыл шаруашылығына, 24,8%-ы — өнеркәсіпке, 8,5%-ы — саудаға, 7,7%-ы —құрылысқа тиесілі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында 55,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Айта кетейік, ауданда 57 елді мекеннің 51-і сапалы ауыз сумен, 9-ы табиғи газбен және толықтай орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген.

Leave a reply