ОРДАБАСЫ: ҚАРАСПАН АУЫЛЫНА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

0
76

Бүгін Қараспан елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің стратегиялық мақсатымыз белгілі, міндеттеріміз айқын. Басты міндетіміз – халықтың жағдайын көтеріп, олардың келешекке деген сенімін арттыру. Осынау қуанышты сәтте өздеріңізбен қауышып, қараспандықтардың көгілдір отынмен қамтылғанына куә болудамыз. Көгілдір отын халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шағын және орта бизнестің дамуына мол септігін тигізеді. Осы орайда сіздерге барлық жақсылықты тілеймін – деді аудан басшысы.

Өз кезегінде қараспандықтар аудан әкіміне алғыстарын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қараспан ауылындағы табиғи газ құрылысы 2021 жылдың 25 мамырында басталып, 2023 жылдың 28 желтоқсан айында аяқталған. Ағымдағы жылдың басында қысымдау-сығымдау жұмыстары жүргізіліп, тиісті құжаттарын рәсімдеу жұмыстары аяқталған. Абонент саны 685, қамтылған халық саны – 3678 құрайды.
Жалпы Түркістан облысында 1,5 миллионнан астам халық табиғи газбен қамтылған. Яғни өңірдегі 833 елді мекеннің 465-і көгілдір отынға қосылған. Алдағы 3 жылда 200 елді мекенді табиғи газға қосып, облысты газбен қамту деңгейін 87%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Leave a reply