“Отбасы- бақыт мекені ” атты тақырыбында өнегелі сағат өткізілді
Отбасы — мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп — өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, оны ұрпақ санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар. Сынақ үшін берілген қысқа ғұмырда жанұяларымызды құрметтеуге, сыйлауға, өнегелі етуге тиіспіз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата — анаңның алдында адамның парыз — міндеті өлшеусіз. Міне, сол ата-анаға сенің отбасыңның жарасым тауып отырғанын көргеннен артық бақыт жоқ. Ананың ақ сүтін, әкеңнің адал күшін ақтау — өз болашағыңда сақтау деген сөз. Отбасы шаттығын қалыптастырудың бір тетігі де осында жатыр. Отбасылық құндылықтар дегеніміз бір-бірін сүйіп қосылған жанұялардың отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Ол құндылықтар ежелден бері келе жатқан немесе жаңадан шығарылған құндылықтар болуы мүмкін. Бұдан басқа адамдар отбасылық құндылықтарды басты үш топқа бөледі. Олар дәстүрлі, қазіргі, тәрбиелі отбасылық құндылықтар деп аталады.
Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дегеніміз қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері. Қазіргі таңдағы жас отбасылардың ажырасу статистикасы өскеніне байланысты жас отбасыларға олардың дәстүрлі отбасылық құндылықтары туралы теледидардан, ғаламтордан көруге болады. Әр отбасыда бұл құндылықтар әртүрлі.Бірақ олардың ұқсас жақтары да бар. Мысалы, кез-келген отбасыда дінді сақтау, некені бұзбау, ұрпақ жалғастыру, баларды тәрбиелеу деген дәстүрлі отбасылық құндылықтар ортақ болады.
Қазіргі таңдағы отбасылар бұрынғы салт-дәстүрді ұстануда. Бірақ сол ұстанымның өзгеруіне байланысты олар әр отбасыда әртүрлі. Ол ұстанымның өзгеру себептері заманның өзгеруіне байланысты. Себебі әр замандағы адам әртүрлі. Мысалы, бұрынғы замандағы отбасы құндылықтарымен қазір өмір сүру мүмкін емес. Бұрын адамдар әйелдеріне орамалды сыйға тартса, қазіргі жас отбасылар бір-біріне гүл немесе көйлек сыйлайды.Сонымен қатар қазіргі отбасылық құндылықтарға махаббат, сенім, түсіністік және т.б жатады.
Отбасылардың басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу. Адамдар некеге тұрғанда көптеген жанжалдарды бастарынан өткереді. Бірақ олар өз қателерін кешіріп, қайта бірге болады. Оларды біріктіретін құндылық тәрбиелік отбасылық құндылықтардың бірі болып табылады
Асыл дінімізде Аллаға бойұсынуға шақыра отырып, ата-анаға қарайласуды міндеттейді. Ата — анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың, сен ата — анаңды сыйлайсың, сенің балаларың да сен қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып қағатын болады. Ата — ана отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата — ананың қадірі ерекше әспеттелген. Жас жұбайлар отбасылық сынақтардың кейбіріне төтеп бере алмай, бала болашағынан бұрын жеке бас тыныштығын бірінші кезекке қойып жатады. Осыдан келіп тастанды бала мен әкесі тірі жетімдер қатары артады. Негізі бала үшін әкенің орны бөлек. Әке деген сөзді айтқанда өзіне пана болар, қиындыққа қалдырмас, арманына қол созғанда ақ батасын беріп ақ жол тілейтін адамның болғанын бала жүрегі аңсайды. Әке — әркімнің сүйенер тіреуі.
Ол өзінің болашағы балалары үшін алаңдап ойланып, жауапкершілік жүгін арқалайтын тұлға. Алла елшісі с.ғ.с ер адамды өз отбасының жауапкері ретінде, әрі сол үшін сұралатындығын ескерткен. Халқымызда әкені асқар тауға теңеп, темірқазығы мықты тұлғаны елестеткен. Ендеше, әрбір әке отбасына қорған болар тау тұлғалы кемеңгер болып ұрпағына пана болуды мақсат еткенде отбасы жарасым табады. Сонымен қатар, әр адам көзін ашып дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол — анамыз. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да – ана. Ана – бұл жел жағымызға пана, біріміз үшін дара, дана тұлға. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын тілейді. Әсіресе, қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған, бар тілегін перзентінің жолына байлаған әлемдегі ең мейірімді ана, ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы. Ата — ана баласының ер жетіп, адам болуын қалайды. Біз үшін олардың орны бөлек екені ақиқат. Сөзімізді қорыта келе ғасырдан ғасырға, жылдан жылға дәстүр болып жалғасын тауып келе жатқан отбасы құндылықтарының мәнін кетірмей, керісінше өркендеп, алға басуына септігімізді тигізейік. Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, оларға кір келтірмей жүру — барша халықтың басты парызы.
Отбасы — адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық! Отбасы күні белгіленген мерейлі күні өткізумен шектелмейді. Отбасыңмен аман-есен қауышып, олармен өткізген әрбір бақытты кезді «Отбасы күні» деп алуға болады. Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп, өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, басқа адамдармен қарым-қатынасын, мәдениетін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Сондықтан отбасы – өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Сондықтан отбасындағы татулық, сыйластық, тәрбие бала жадында сақталады. Ата-ананың тәрбиесін «Қоғамдық тәрбиенің ең тиімді» деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдату, аға ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – әке-шешенің ең маңызды міндеті. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқаруы, бір-бірін құрметтеп, сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдықтың бүгінде құлдырауына байланысты қоғамда бірқатар керітартпа әрекеттің пайда бола бастағанын байқауға болады. Оның бірі – қазіргі тұрмыс құрған жастардың ажырасуға деген бейімділігі. Елбасы Н.Назарбаев Жастар жылының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдерге және отбасылық өмірдің шынайылығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бастау керек. Ана институтын қолдаумен бірге әке институтын дамыту, жасөспірімдердің өз отбасына жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңызды. Отбасылық қатынастардың барлық аспектілері бойынша қолжетімді психологиялық және консультациялық көмекті қамтамасыз ету қажет. Отбасылардың ажырасуы біздің ерекше алаңдаушылығымызды тудыруда. Ғалымдар, қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәселеге елеулі назар аударуы тиіс», – деп атап өткен еді.
Источник: https://mangystaumedia.kz/kk/audan-tynysy/munaily/103288