Отставкадағы полковниктер жастарға жол көрсетті
![](https://infonews.kz/wp-content/uploads/2025/02/480216093_2046912175784460_4141112310260284999_n-905x613.jpg)
ҚР Президенті Әкімшілігінің бастамасы, ІІМ-нің қолдауы аясында аға буын мен өскелең ұрпақ сабақтастығын нығайту бағытында шаралар үздіксіз атқарылуда. Соның бірі Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен облыс орталығындағы №28 мектеп-лицейінде өтті.
«Ерлік-елге мұра, ұрпаққа-үлгі» атты кездесу кешіне батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, абыроймен зейнетке шыққан отставкадағы полиция полковниктері Еңбек және Ұлы Отан соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Есалы Нұржанов, ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, Түркістан қалалық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Батырхан Сансызбаевтар арнайы қатысты.
Іс-шара барысында мейірімділік, өзара қолдау мәдениеті, жастар арасында жанашырлық дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ айналасындағы азаматтарға қамқорлық пен көмек көрсетуге бағытталған сұқбат өрбіді. Мектеп оқушылары «Құқық қорғау органдарының негізгі міндеттері қандай, жастардың заңға бағыну мәдениеті мен патриотизмді дамытуға не істеу қажет сынды сұрақтарын қойып, өмірлік тәжірибемен келген нақты жауаптар ала алды.
Одан бөлек қылмыскерді құрықтау барысында шолақ мылтықтан ауыр жарақаттанып, осы іс-әрекеті жоғары бағаланып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Түркістан облысы ІІО мен ҰҰ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаевтың қысқаша өмір тарихы баяндалатын фильм көрсетілді.
Бастауыш сынып оқушылары «Қазақ елім,байтағым» тақырыбында хормен ән шырқаса, «Жас сақшы» сыныбының оқушылары қонақтармен бірге Халық қаһарманы атанған Ғазиз Байтасавтың атына ашылған кинозалға жиналып, патриоттық жанрдағы бейнероликтер тамашалады, сұқбаттасты. Келелі кездесу соңында мектеп басшылығы мен оқушылар зейнет жасындағы полицейлерге өмірлік тәжірибе мен құнды кеңестері үшін алғыстарын жеткізді. Естелікке суретке түсіп, екі тарап бір-біріне кәдесыйлар үлестірді.