ОТЫРАРДА БАРЛЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Отырар ауданы аумағындағы елді мекендерде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру мақсатында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Шараға атсалысқан түрлі мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары әрбір бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді.
Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасы аясында аудандық, ауылдық өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен көше бойлары, үй аулалары, көп қабатты үйлердің айналасы тұрақты түрде қоқыстан тазартылуда.
Шара барысында қоршаулар сырланып, арам шөптер оталды. Көше бойындағы арық-атыздар күл-қоқыстардан тазартылып, жиналған қалдықтар арнайы орындарға жеткізілді. Жалпыхалықтық шара аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерінде де ұйымдастырылып, тұрғындар қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытты.
Айта кетейік, облыста «Таза Қазақстан» тазалық шарасы басталғалы өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысқан. Сондай-ақ, 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеттері және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1 174 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 198 киелі-мекендерде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылып, қоқыс қалдықтары шығарылды. Бұдан өзге, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл – сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылды.
Сенбілік жұмыстарына “Отырар – 2050” көгалдандыру мекемесінің арнайы техникаларымен қатар жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қоқыс шығаратын көліктер жұмылдырылды. Жиналған қоқыс қалдықтары арнайы полигондарға жеткізілді.