Отырарда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектеп салынуда
Бұл күндері Төрткөлге бағыт алған жолаушыларды, күре жолдың бойынан өткен әрбір жанды осы сауал толғандырып жатқаны да жасырын емес. Сыртқы қоршауында ұлт зиялыларының ұлағатын ұрпаққа насихаттаған құрылыс алаңы ұлттық идеологияны да ұлықтап тұр. Өз баласының зәулім ордада білім алуын армандаған жандар қаншама.
Ата-ана арманына арқау болған мектеп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі Жолдауында көтеріліп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салу ұсынылған-ды.
Білім алушы жас ұрпаққа барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында заманауи талаптарға сәйкес келетін мектеп құрылысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаржыландыруымен Шәуілдір ауылында бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған 600 орындық мектеп ғимаратының құрылысы мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Өндірістік кестеге сәйкес, бүгінгі таңда жұмыстар қарқын алып, үшінші қабатта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
2024-2025 оқу жылына пайдалануға беру жоспарланған мектеп ғимаратының құрылысымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов танысып, жауапты сала мамандарының қатысуымен жиын өткізді.
Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған ұлттық жобаның жемісін отырарлық бүлдіршіндер көретін күн де алыс емес. Фарабидей даналардың шоғыры қалыптасып, Өзбекәлі, Мұхтар, Өмірзақ, Әселхандай зиялылар білім нәріне сусындаған қасиетті топырақтан ертеңгі елтұтқаларының шығатыны ақиқат.
Өңір басшысының тікелей бақылауындағы жобаның маңыздылығына айрықша тоқталған Жансұлтан Әділжанұлы мектептің құрылыс жұмыстарын тиісті мерзімде аяқтауды, өндірістік кестеге сәйкес жұмыстардың сапалы жүргізілуін ұсынды.
Сонымен қатар, мектептің бейіндік пәндер оқытылатын кабинеттерді ұлттық жобаның бірыңғай стандарттары негізінде жасақтау, оқушылардың қауіпсіздігіне жағдай жасау, кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету сынды форэскиздер толығымен қатаң сақталуы керектігін ескертті.