ОТЫРАРЛЫҚ КӘСІПКЕР ЕРЕКШЕ ТҮЙЕҚҰС ӨСІРУ ІСІН ҚОЛҒА АЛДЫ
Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде шағын және орта бизнес ерекше рөл атқарады. Шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе бұл мемлекеттің экономикалық әлеуеті артатынын әлдеқашан түсінген. Елімізде де соңғы жылдары шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, түрлі жобалар қолға алынуда. Бұл жобалардың нәтижесі соңғы кездері киелі ауданымызда да көрініс беріп келеді.
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов аудан халқымен кездесулерінде экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар туралы үнемі айтып, халықты кәсіппен айналысып, еңбектенуге шақыруды естен шығарған емес.
Қазіргі таңда Отырар ауданында шағын орта бизнес саласында 12 шағын өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Соның ішінде шұбат өңдіру бойынша 4 кәсіпорын, Сүт және ет өндіру ісі бойынша 1, Тары өңдіру бойынша 3, Жүгері өңдіру бойынша 2, Құс шаруашылығы бойынша 2 және пластиктен есік терезе өңдіру мен үй жиһаздарын өңдіру кәсіпорындары тіркелген.
Отырарлық 65 жастағы зейнеткер Әлзақ Ерімбетов екі жылдан бері түйеқұс асырау ісімен айналысып келеді. Бұған дейін тауық пен тауыс асырап тәжірибе жинаған кәсіпкерге түйеқұс өсіру қиындық тудырмаған. Құс шаруашылығын жақсы меңгеріп алған тәжірибелі зейнеткер: «Африка мен Австралиядан әкелінген түйеқұстар Отырар ауданының климатына да тез бейімделіп кетті. Бұған дейін африкалық 4 балапанның әр қайсысын 100 мың теңгеден, австралиялық балапанды 70 мыңнан сатып алдым. Бүгінде сол балапандарды көбейтіп, жемісін көріп отырмын», – дейді.
Кәсіпкердің айтуынша түйеқұс өсіру еш қиындық тудырмайды, тек оны күтіп-бағудың жолын меңгеріп алсаң болғаны. Ал, одан түсетін пайда көп. Оның терісі, тұяғы, тұмсығы әсіресе еті нарықта үлкен сұранысқа ие. Өйткені етінің құрамында май мен холостерин аз болғандықтан өте өтімді. Бойы 2-3 метр келетін аталығы 100-150 кг дейін ет берсе, салмағы 3-3,5 кг келетін жұмыртқасының біреуін қуырып 10-12 адамды тамақтандыра аласың. Бір маусымда 120 жұмыртқа табатын түйеқұстар табиғи жем шөбі, күтімі болса 80-100 жыл өмір сүреді.
«Еңбек түбі-береке» деп дана халқымыз айтып кеткендей елімізде бұрын соңды болмаған түйеқұстың өзін ауылда өсіріп, одан сапалы өнім алуды кәсіпке айналдырған шәуілдірлік Әлзақ ағамыздың ісі көпке үлгі.