Saturday, November 23

ОТЫРАРЛЫҚ КӘСІПКЕР ЖЫЛЫНА 20 ТОННА БАЛЫҚ ӨНДІРІП ОТЫР

0
181
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапары барысында Қоғам ауыл округі, Талапты елді мекенінде орналасқан ЖК «RAN» шағын балық шаруашылығының жұмысымен танысты.
Шаруа қожалығы 2023 жылдан бастап жұмыс істейді. Бүгінде 0,20 гектар жерде жылына 20 тонна балық өндірілуде. Мұнда балықтың сазан, ақ амур және тағы да басқа түрлері бар. Қазіргі таңда 3 адам қызмет етуде. Жоба құны – 12 млн. теңге. Өнім еліміздегі аймақтарға экспортталады. Алдағы уақытта өнім көлемін көбейту көзделіп отыр.
Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын дамыту бағытында жұмысты ширатып, балық өнімі көлемін арттыру қажеттігін айтып, балық шаруашылығына инвестиция тарту, осы бағытта жұмыс істеймін дейтін жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету керектігін жеткізді.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, келесі жылы барлығы 20 дана бассейін салу құрылысы жоспарлануда. Қазіргі таңда өз қаржысы есебінен сыйымдылығы 4 дана бассейннің (темірден құрастырылған) құрылысы аяқталып, 18 мың дана тұқы шабақтары суға жіберілді. Атап айтсақ, сазан, ақ амур, карас бар. Бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа өтінім берілді. Сонымен қатар «Ырыс» МҚҰ-на 8,6 млн, теңге қаржыға құжаттар тапсырылды. Жоба толық іске асқан жағдайда балық өнімін өндіру құрылысының жылдық қуаттылығы 100 тоннаға жеткізіледі.
Қазіргі таңда Отырар ауданында 4 шағын шаруа қожалығы балық шаруашылығымен айналысады. «Ауыл аманаты» бойынша 4 жобаға өтінім беріліп, енді қаржыландырылады.
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер, субсидиялар беріліп отыр.
Айта кетейік, бүгінде облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 93 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Жалпы өңірде қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 86-сы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Өңірде тауарлы балық өсірумен 220 кәсіпкерлік субъектісі айналысуда. Биылғы 10 айдың қорытындысымен 2473 тонна балық өнімдері өңделіп, 1935 тоннасы шет елдерге экспортталды. Биыл 6640,0 тонна балықөсіру жоспарланып, 10 айдың қорытындысымен 4050 тоннаға орындалды. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия берілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылып, 68,3 млн. теңгесі игерілді.

Leave a reply