Отырар ауданында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстары қарқын алуда
Жақына облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппаратының апталық мәжілісінде «Ауыл – ел бесігі» жобасының орындалу барысын қарап, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсап, ауылдардың еңсесін тіктеуді тапсырған болатын. Осы жобаны жүзеге асыруда көш соңында келе жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпелер айтып өтті.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы – мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Қаржы бөлінген, бірақ кейбір аудандарда ол қаржы игерілмей жатыр. Жұмысты үйлестіре алмай отырсыздар. Тиісті жұмыстарды жедел атқарып, инфрақұрылымды жақсартып алу қажет. Екіншіден, осы жобаны анық жүзеге асыру тиімділігін арттыру үшін жаңа ұсыныстар беріңіздер. Бәлкім, бір елді мекенді белгілеп, оның барлық проблемаларын шешіп болған соң ғана келесі елді мекеннің инфрақұрылымына кірісерміз? Жұмысты жандандыру үшін өзгерістер енгізуді қарастыру керек. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бекітілген индикаторлардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу конкурсын шұғыл түрде аяқтап, келісімшарт жасауды тапсырамын. Апта сайын мониторинг жасалып, бекітілген жоспар толық орындалсын. Осы және өзге де мәселелер бойынша күзде аудандарда тағы да мәжіліс өткізіліп, индикаторларды орындамаған басшылардың мәселелері қаралады, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің айтуынша, негізінен 240 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау жұмыстары бойынша барлығына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. Бүгінде соның 191 жаңа жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілді. Алайда, құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау қызметі бойынша бірқатар жобаның мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталмаған. Өңір басшысы бұл жұмыстарды жылдам аяқтауды тапсырды.
Облыста 1 шілдеге дейін 7769,5 млн. теңге игерілді немесе жоспар 98,37% орындалды. Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 163 елді мекенде 337 жобаны іске асыруға бюджеттен 31,0 млрд. теңге бөлінді. Оның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар. Осы арқылы денсаулық сақтау саласында – 11, білім беру саласында – 17, спорт саласында – 18, мәдениет саласында – 21, ауыз су – 2, газдандыру – 24, электрмен қамту – 22 және жол жөндеу саласында 222 жоба жүзеге асады.
Қазіргі таңда облыс аумағындағы аудан, қалаларда осы бағыттағы жұмыстар тыңғылықты атқарылуда. Айталық, бүгінде Отырар ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы аудан көлемінде 39 көшеге ағымдағы және орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Жоспарға сәйкес Шәуілдір ауылындағы А.Маханбетұлы, С.Өтебеков көшелеріне, Арыс ауылындағы П.Қалыбеков, Б.Қабылов, Ә.Смайлов көшелеріне, Темір ауылдындағы Н.Құлымбетов, Қарғалы елді мекеніндегі Қарғалы-2, Талапты елді мекеніндегі Ж.Смайлов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген.
Жақында Қарақоңыр ауыл округі Арыс (Актам) елді мекеніндегі У.Ілиясов, Қ.Әбілқасымов көшелері мен Ш.Қалдаяқов ауылындағы «Отан» көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Айта кету керек, 2023 жылға республикалық бюджет есебінен «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 19,6 шақырым ішкі көшелерге және жергілікті бюджет қаржысы есебінен ұзындығы – 24,3 шақырым көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Нәтижесінде қанағаттанарлық дәрежедегі жолдардың ұзындығы 305,4 шақырым құрайды деп күтілуде.
Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 500 шақырымнан асады. Республикалық маңызы бар жолдың үлесі – 723 шақырым, жергілікті маңызы бар жол 5 755 шақырым және елді мекен көшелері 11 мың шақырымнан асады.2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.