Оңтүстікте егінге орақ түсті
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында бидай ору науқаны басталды. Аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен. Егістік алқаптарындағы комбайндар астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құюда.
Егін орағын алғашқылардың бірі болып Дарбаза ауылдық округіндегі диқандар бастады. Орақ науқанына 50 комбайн мен 100-ге жуық жүк көлігі қатысуда. Аудан диқандары жылдағыдай биыл да астықтан мол өнім жинаудан үмітті. Әрине бұған шаруашылықтарға жасалған жеңілдіктер оң ықпал етуде. Сонымен қатар оларға лизинг негізінде техника берілген. Жанар-жағармай, қажетті бөлшектермен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесі де жыл сайын жақсарып келеді. Биыл аудан бойынша 44,9 мың гектар жерге масақты дақылдар егілсе, оның ішінде бидай – 33,4 мың гектар, арпа – 7 мың, жүгері – 4,5 мың гектар. Жалпы, биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары жоспарланған 851 мың гектарға толық егілген. Егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде мал азықтық дақылдардың көлемі 5,5 мың гектарға артып, 227,5 мың гектарға орналастырылды. Сондай-ақ дәнді дақылдар – 298,2 мың гектарға, дәндік жүгері – 44,5 мың, бидай –201,2 мың гектарға егілді. Өңірде мал азықтық дақылдың 2 жылдық қорын жасақтауға ерекше мән берілуде.
«Былтырғыдай күрделі жағдай қайталанбауға тиіс. Мал азығын әзірлеуге, жинауға баса назар аударыңыздар. Биыл 2 жылға жететін қор жасақтау қажет. Ауа райының жаңбырлы әрі шөптің мол болуы қолайлы болып тұр. Жемшөптің бағасы да былтырғыдан арзандады. Осы мәселені толық қадағалап, мониторинг жүргізіп отырыңыздар», деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппараттық мәжілісте.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек
Бадырақовтың айтуына қарағанда, биылғы егіс науқанына 12,2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы тартылған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан дала жұмыстарына 1 672 агроқұрылымға 5,3 млрд теңге несие берілген. Көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін облыста төмендетілген бағамен 47,9 мың тонна дизель отыны бөлініп, босатылды. Облыста 475 түрлі минералды тыңайтқыш құнының
50%-ын субсидиялауға 6 млрд теңге қаржы бөлінген, 319 мың гектар егістік алқап тыңайтылады. Биыл облыста мал басының артуына байланысты қысқа 4,1 млн тонна мал азығының қажеттілігі айтылуда. Бұл орайда бүгінде 0,5 млн тонна мал азығы дайындалды. Егілген егіс көлемінен 645 мың тонна мал азығын жинау көзделуде.
Айта кетелік, өңірде егістік алқап басынан сығымдалған табиғи шөптер бумасы 350-400, жоңышқа 500-700 теңге аралығында сатылып жатыр. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы облысқа бөлінген 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен, яғни килосы 65 теңгеден сатылуда. Бүгінде 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылған.