О.ЖАРЫЛҚАПОВ АТЫНДАҒЫ СТАДИОН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

0
105

Түркістан қаласында Октябрь Жарылқапов атындағы стадион толық жөндеуден өткізіліп, жаңаша үлгіде жаңартылды. Стадионның ашылу салтанатына қала тұрғындары, ақсақалдар мен спортшылар қатысты. Даңқты волейбол бапкері туралы көрініс көрсетіліп, стадионның тарихы туралы мәлімет берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұртшылықты жаңа стадионның ашылуымен құттықтады.

– Денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу үшін бұқаралық спортты дамыту аса маңызды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы спорт саласына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Түркістан қаласы ажарланды. Жүздеген ғимараттар, үйлер салынды. Солардың арасында заман талабына сай спорт кешендері де бой көтерді. «Олимпик центр» спорт кешені, теннис орталығы, «Мұз сарайы» ел игілігіне берілді. Ал бүгін тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Түркістандағы тарихы тереңде жатқан Октябрь Жарылқапов стадионы заман талабына сай жаңартылып отыр. Өткен ғасырдың ортасында салынған бұл стадион біраз жылдан бері қолданыстан шығып, өзекті мәселенің біріне айналған болатын. Тұрғындар тарапынан стадионды жаңғырту мәселесі көтерілді. Елдің өтініші мен тілегі біз үшін маңызды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгін түркістандықтарға жаңарған спорт нысаны пайдалануға берілуде. Түркістанымыз чемпиондардың қаласына айнала берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

Салтанатты жиында ел ағалары Рахым Тәңірбергенов пен Жарқынбек Құлбайымбетов те ақжарма тілектерін ақтарып, спорт нысанын жаңартқан облыс, қала басшылығына ризашылықтарын білдірді. Сонымен бірге «Түркістан» мен «Тұран» клубтарының жасөспірімдер командалары арасында жолдастық кездесу өткізілді.

Айта кетейік, 1966 салынған тарихи спорт нысаны қайтадан жөндеуден өтіп, толық жаңартылған. Заман талабына сай қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған. Жаңа стадион бір мезетте 150 спортшы мен 2 мыңнан астам көрермен үшін қызмет көрсете алады.

Аталған стадионда республикалық, облыстық, қалалық спорттық іс-шараларды, футболдан Қазақстан Республикасы бірінші лига ойындарын өткізуге мүмкіндік бар. Құрылыс осы талаптарға сәйкес салынғанын айта кету қажет. Бұл жөнінде Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы, спорт жанашыры Марат Асылбаевпен тілдескенде естідік. Енді келесі жылы футболдан бірінші лига ойындарын өткізуге стадион толықтай дайын болмақ. Тағы бір мәселе спорт маманының айтуы бойынша осы стадионды жөндеу үшін арнайы жоба алғашында дайын болған екен. Десе де қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков тұрғындармен кездесуінде аталған нысанды қайта жаңғырту жөнінде уәде бергенін алға тартып, нысанды бүгінгідей қалыпқа келтіруге тікелей атсалысқанынан хабардар болдық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- демей ме, ендеше шаһар басшысының бұқаралық спортты дамыту мақсатында қаладағы тарихи нысанға жан бітіргенін шынайы жанашырлықтың белгісі деп бағаласақ артық айтқандық болмас.

Сонымен бірге спартакиадалар, президенттік тест, жеңіл атлетика тағы басқа спорт түрлерінен спортшыларға оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылады.

Стадионда бірнеше спорт мекемесі орналасып, жұмыс істейді. Олар – «Түркістан» клубы мен Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы. Аталған спорт клубы жергілікті тұрғындарды бұқаралық спортқа баулумен шұғылданып келеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубында 20 жаттықтырушы және 28 спорт нұсқаушысы бар. Олар кіші футбол, стритбол, үлкен теннис спорт түрлерінен ашық спорт алаңдарында 700-ге жуық оқушыны кәсіби тұрғыда жаттықтырып жүр. Ал спорт нұсқаушылары 800-ден астам тұрғынды спортқа баулып келеді.

Иә, атап айтсақ бұл спорт нысанының қайта жаңғыруы жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуанышты жаңалық болды. Осы сәтте әлеуметтік желіде стадион туралы жүрекжарды лебіздер жарияланып жатты. Соның бірі ұжымымыздың басшысы М.Жұмаханұлы өз парақшасында былай дейді:

«Бала күнімізде осы стадионда доп теуіп, асыр салып ойнап өстік. Ол кезде «Локомотив» атындағы орталық стадион еді. Бір көзін қысып жүретін, өзі қопалдау келген Миша деген қарауылы болатын. Түс ауа, кешке қарай барсақ шиеттей бала-шаға біздерді тырқыратып қуа жөнелетін. Ол кісі тал түсте ұйықтайды. Міне, тура осы уақытта біз стадионға кіріп, жасыл алаңда доп ойнайтынбыз. Қысқасы Миша көкеміз оянғанша белінде қызыл сызығы бар көк резіңке допты тебетінбіз. Осылайша балалық шағымыздың жарқын күндері өткен сол стадионның маңдайы ашылып, жөндеу көргені осы шығар. Біз он жас шамасында доп ойнасақ арада отыз жылға тарта уақыт өтті. Иә, ішінара жөндеу көрді. Бірақ, дәл бүгінгідей қайта түлеген жоқ.

Бұл стадионда концерт те болатын. Біз ес білгелі жасыл алаңның ортасына сахна тігіліп, «Тамаша» ойын-сауық театры, Қазақстанның мәдениет майталмандары Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжановтардан бастап «МузАрт» тобына дейінгі жарық жұлдыздарының концерттері өтіп жататын. Сонымен бірге, соңғы жылдарға дейін бокстан Ә.Нұрмаханов, Б.Саттарханов атындағы турнирлермен спорттың басқа да түрлерінен сайыстар өтетін. Футболдан Түркістанның сақадай жігіттерінен құралған «Монтажник», «Яссы», «Яссы-Рахат» командалары кездесулерін өткізіп, ел біріншілігінің талай биіктерін бағындырып еді. Жанкүйерлердің алдында кубокты көкке көтеріп, жеңіс тойын тойлаған тарихи сәттердің куәсі болған бұл орын.

Сондықтан қайта жаңғырған бүгінде О. Жарылқапов есімімен аталатын стадион кешегі күнге дейінгі барлық түркістандық спортшының бағын ашқан құтты мекен десек, жаңарған спорт нысанын көру жергілікті спортсүйер қауымның көптен күткен қуанышы еді.

Міне, 2023 жылдың жетінші қазаны сол көпшіліктің асыл армандары жүзеге асқан күн болып тарихқа еніп отыр.

Қайта түлеген стадионымыз құтты болсын!

Жеңісті күндеріміз көп болсын!

Барша түркістандықтар атынан осынау игі іске мұрындық болған азаматтарға мың алғыс айтамыз!».

Расында да спортсүйер қауым бұл сәтті көп күтті. «Түркістан арена» стадионы бой көтергенге дейін тозығы жетсе де дәл осы О.Жарылқапов атындағы алаң жергілікті спортшыларға қызмет көрсетіп келген. Енді аталған нысан өзінің бастапқы міндетін жаңғыртылған күйінде қайта жалғастырмақ.

 

Leave a reply