ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖАҢА ДӘУІРГЕ САЙ ЖАҢА ҚАДАМ ЖАСАУДА
Түркістан қалалық полиция басқармасы бұрын-соңды болмаған игі істің ұйытқысы болды. Тәртіп сақшылары ұйымдастырған әдеттегі есептік жиын деп ойлап бардық. Қателескен екенбіз. Басқарманы тізгіндегеніне көп бола қоймаған полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев мырза жиналған жұртшылықты тәнті етті. Қысқасы түркістандық тәртіп сақшылары бүгінгі күн талабына сай халықпен етене байланыс орнатудың айқын үлгісін көрсетті.
Бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін бас қосқан алқалы жиын Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы конгрес холлда өтті. Өңірдің игі жақсылары мен мектеп жасындағы балалар арнайы шақырылып, форумның мәні мен маңызын терең ұғынды, қызықты. Жас жеткіншектердің келешекте жақсы адам болуға деген алқашқы қадамдарын осы жерден бастауына түрткі болды бұл шара десек артық болмас. Неге десеңіз? Полицейлер бас болып, Түркістан қаласында тұңғыш рет өтіп жатқан жиынның негізгі бөлігінде бүгінгі күні қоғамның назарын өзіне аударып, сөз бен істің арасын жалғап жүрген жас пен кәріге ортақ жандар атап айтсақ, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы және әлем кубогының иегері, танымал спортшы Ардақ Назаров, Медиаэксперт, саяхатшы, журналист Өркен Кенжебек, бұрынғы ішкі істер саласының қызметкері, заңгер, сарапшы, журналист Ораз Нұрділдә, кәсіпкер, Қазақстан Республикалық «Qazaqstan team» жастар бірлестігінің жетекшісі, ұлттық Құрылтайдың мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Сүлейменов Олжас, әнші, спортшы Ибрагим Ескендір сынды азаматтардың қатысуымен қоғамдағы өзекті мәселелер, соның ішінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты тағылымды әңгімелер кеңінен қозғалды.
Жиналғандарды мезі ететін ұзын-сонар баяндама жасалған жоқ мұнда. Форум жас полицей қоғамда орын алып жатқан тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін жан аямай қызмет етіп жүргенін өз ұлына баяндайтын әсерлі қойылыммен басталды. Бұдан соң Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаевтың қаладағы қылмыстық ахуал жөніндегі сараптамалық есебі тыңдалды. Ол «Түркістан – рухани, қауіпсіз қала» атты өз баяндамасында ел тыныштығы, тұрғындардың өміріне зиян келтірмеуді, қала көркі мен қауіпсіздігін сақтау, халықтың береке-бірлігі жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстары мен қолға алған тірліктерін атап өтті.
Баяндамада аталған бірқатар деректерге назар аударсақ. Қазіргі уақытта Түркістан қаласының Полиция басқармасында штат бойынша 502 қызметкер, оның ішінде саптық қатарда жүргендер саны 340, ал бос лауазымдар саны 162-ні құрайды екен.
«Полиция қызметкерлерінің қай-қайсысы да елге тұтқа, жапа шеккенге пана, есесі кеткеннің еңсесін тіктеуші»,-деп басқарма басшысының баяндамасында көрсетілгендей жыл басынан бері Түркістан қалалық полиция басқармасының «102» байланыс тетігіне «Отбасылық жанжал» санатында – 580 шақырту түсіп, оның 359-ы алкогольдік ішімдік ішкендермен жасалған. Оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) – 354 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданыпты.
Осындай, отбасылық жанжалдардың соңы орта, ауыр және аса ауыр санатындағы қылмыстардың жасалуына да алып келетіні айтылған. Алкогольдік ішімдіктің салдары тек әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаумен шектелмей, осы жылдың өзінде, ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық), ҚР ҚК-нің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру), ҚР ҚК-нің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру), ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру), ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау- бөтеннің мүлкін ашық жымқыру, ҚР ҚК-нің 121-бабы (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері)-қылмыстық құқық бұзушылықтар орын алса, оның 11-і алкогольді масаң күйде жасалған.
«Осы орайда, полиция қызметкерлерімен жүргізілген профилактикалық іс-шаралар аясында, маскүнемдіктен зардап шегетін есепте тұрған тұлғаларға ғана емес, алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарының қызметіне де бақылау жүйелі түрде күшейтілді»,-дейді Бауыржан Дәулетханұлы.
Жыл басынан бастап, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабында көрсетілген (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі) талаптарын бұзу бойынша 56 – дерек және 440-бабымен (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) 1116 – дерек анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылып, заңды шара қолданылған. Бұл ретте алкогольдік өнімдердің кесірі қоғамдағы тыныштықты бұзумен ғана шектелмей, көлік құралдарын да алкогольдік масаң күйде басқарып, жол-көлік оқиғаларының өсуіне себеп болатыны айдан анық. Айтқанымыздай ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабында көрсетілген (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруымен) 153 – дерек анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылып, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалып жатқаны жөнінде білдік.
«Қазақстан Республикасының Ішкі істер министірі полиция генерал-лейтенанты Ахметжанов Марат Мұратұлы айтып өткендей: Жаңа Қазақстанның басты мақсаты – әділдік. Ал, Әбіш Кекілбаев ағамыз «Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе», – деп айтып өткен. Осы екі тұрғыда әрбір азамат өз ісіне адал болса, міне осы нағыз Жаңа Қазақстан!
Бүгінгі күнде өрімдей жастарымыздың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді алаңдатып отырған жайы бар. Тәртібі қиын бала жас кезінде қылмыстың арты жаза екенін түсінбесе, есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімдігі арта беретіні белгілі. Бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.
Қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен жыл басынан бері «Балалардың жол қауіпсіздігі», «Абайлаңыз балалар», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты күндізгі және түнгі рейдтік іс-шаралар ұдайы түрде өткізіліп келеді. Нәтижесінде, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс көрсеткіші төмендеген.
Түркістан облыс орталығына айналғалы қаланың көркімен ғана емес, рухани істерімен ел назарын өзіне аударып, туристік орталыққа айналды. Күніне қала тұрғындарынан өзге түкпір-түкпірден ағылған туристер мен қала қонақтарының тыныштығы мен қауіпсіздігі Түркістан полициясының кіршіксіз қызметімен өлшенетіні жасырын емес»,- дейді полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев.
Бұл ретте айта кететін бір мәселе бар. Көзі қарақты оқырман хабардар болып жүрген Қазақстан полициясы, қызмет көрсетудің «Сервистік» моделіне біртіндеп көшіп жатқаны белгілі. Ол дегеніміз полиция тек қана жазалаушы орган емес, керісінше халыққа жақын болып, халықпен бірге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жұмыс жасауды мақсат етіп, оны іске асыру жолында бірқатар жобаларды жүргізіп келеді. Соның айқын көрінісі ретінде Түркістан қаласы полиция басқармасының өткізіп отырған «Түркістан – рухани, қауіпсіз қала» форумын ауыз толтырып айтуға болады. Аталмыш жиынға келген көпшілік қауым да дәл осындай пікірде.
Осылайша жиналған жұртшылықты ерекше әсерге бөлеген жиында сөз алған танымал спортшы Ардақ Назаров, Медиаэксперт, саяхатшы, журналист Өркен Кенжебек, заңгер, сарапшы, журналист Ораз Нұрділдә, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Сүлейменов Олжас, әнші, спортшы Ибрагим Ескендір көпке ортақ елдік мұрат жолындағы ойлары, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Сайып келгенде әсіресе жас ұрпақтың тәрбиесіне бағытталған саналы сөздердің түйіні аз болсақ та, саз болайық дегенге саяды.
Форум соңында сөз алған халықтың қалаулы ұлы Ибрагим Ескендір Біргеміз және Көк Тудың желбірегені әндерін орындап, қатысушылардың жүрегін әнмен тербесе, бата сұраған тәртіп сақшыларына облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Түркістанда бұрын-соңды мұндай жиын болмағанын және оны тәртіп сақшыларының бас болып өткізуін жаңа Қазақстандағы жаңа қадамдардың біріне балап, көпшілікке өз батасын берді.
Иә, шынында да қалың жұрттың мұндай рухани құндылығы жоғары, тәрбиелік мәні зор шараға шөліркеп қалғаны анық аңғарылады. Былайғы кезде өтіп жатқан басқосуларда залға жиналғандарды зорлықпен ұстап отырса, бұл форумдағы халықтың ықыласы мен белсенділігі керісінше болды.