ПОЛИЦИЯ БЕДЕЛІ ІСІНЕ ҚАРАЙ ӨЛШЕНЕДІ

0
145

Апта басында Түркістан облыстық полиция департаменті жанындағы консультативті-кеңесші органның отырысы өтті. Алдымен биыл кеңес төрағасы, ҚР ІІМ құрметті ардагері Е.Нұржанов бастаған топ құрамында бірқатар өзгерістер орын алғанын да айта кеткеніміз жөн болар. Атап айтсақ, ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б.Халықов, Түркістан қалалық мәслихат депутаты С.Ханділлаев, ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі А.Тастанбеков, қоғам белсендісі Б.Сүлейменов, қалалық «Түркістан» газетінің басшысы М.Дәулетов, ардагер журналист, оператор А.Қазанбай, Түркістан облыстық Ішкі істер органы мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, ІІО-ның ардагері О.Жанқожаев, ПД кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция полковнигі М.Асқаровтар кеңес мүшелері болып табылады.

Осындай құраммен жыл ішіндегі алғашқы отырысын бастаған кеңес мүшелері күн тәртібінде Түркістан облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің жұмысын сервистік модельге көшіру және сервистік полицияны құру аясында іске асырылатын жобалар туралы сонымен қатар, Ішкі істер органын жаңғырту және мемлекет басшысының құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жөніндегі мәселелер қаралды.

Алғаш баяндама жасаған әкімшілік полиция бөлімінің басшысы А.Тастанбеков полицияның сервистік моделіне өту мәселесінде қолға алынған жобалардың тиімді тұстарын сөз етті. Түпкі мақсат – тәртіп сақшылары қылмысты ашудан бұрын оны болдырмауға бағыттайтын жаңа бастаманың қазіргі күнде пилоттық жоба ретінде іске асырылып жатқанын және оның өз нәтижесі бар екендігін алға тартты.

Ал, екінші мәселе бойынша кадр саясаты басқармасының бастығы М.Асқаров Ішкі істер органын жаңғырту және мемлекет басшысының құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тапсырмаларын іске асыру жөніндегі қызметті ақпараттық сүйемелдеу бойынша шығарылған шешім аясындағы тармақтарды атап, осы бағытта жұмысты жандандыруды көздеген жобаларын ұсынды.

Кеңес талқысына түскен қос мәселе айтарлықтай қолдауға ие болды. Ал, жаппай тәртіпсіздіктер мәселесіндегі полицияның әрекеті, олардың ел қорғаны болудағы қадамдары мен құзіреттерінің аясындағы мүмкіндіктері кеңес мүшелерін ойландырмай қоймайтынын айта кету қажет. «Қаңтар оқиғасындағы» орын алған келеңсіз жағдайлар әлі де біраз мәселелерге терең бойлап, оңтайлы шешім қабылдауды қажет ететіні өзара талқыға түсті. Осылайша аталмыш мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірлерді түйіндеп айтсақ, түпкі мақсат – полиция беделінің артуы атқарған ісіне қарай өлшенеді деген байлам жасалды.

«Түркістан».

Leave a reply