ПОЭЗИЯ ТІЛІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ОРАЛЫМДАР

0
121

Поэзия тілі – ақын ойының, жүрегінің, ішкі сезімінің қағазға түскен бірлігі. Тілдің осындай эмоция үстейтін  бірліктері өн бойында  әртүрлі тылсым сырлар мен мүмкіндіктерді жинап, көркем  шығарманы  әсерлеу, әрі оқырман жүрегіне жеткізу қызметін атқарады.  Сол себепті, өлең оралымдарындағы фразеологиялық бірліктерді жинақтау тек оларды зерттеу ғана емес, ақынның, сол ақын шыққан халықтың сөздік қорының байлығын, таным көкжиегін көрсететін маңызды бөлшек.

Айтылар ойдың әсерлігі, мазмұн тереңдігі сол көрініс, құбылыстың суреттілігіне, яғни образдылығына тығыз байланысты. Адамдардағы түрлі эмоцияны, сезімдік қатыстарды айтушының зат, құбылыс туралы жеке көзқарасы, бағалауы сияқты  өзіндік пікірлерін тілдегі экспрессивті сөздер, фразеологиялық тіркестер атқарады. Қазақ тілінің лексикалық қорында  аталмыш экспрессивті құралдардың, тұрақты сөз тіркестерінің  қызметі айырықша. «Әдеби шығарма тілін көркемдеп, жандандырып, нәр беруші амалдардың бірі – халық тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестер. Олар тілдегі бейнелі, экспрессивті, эмоциялы бояуы қанық амалдардың қатарынан орын алады. Олар – ұлттың психикалық өзгешелігінің негізінде қалыптасқан образды ойлау тілінің үлгілері, халықтық даналыққа суарылған өткір құралдар» – деген Х.Кәрімов.[1, 134 б]

Қазақ тілі ұлт болмысының өзіндік ерекшеліктерін танытатын бейнелі тіркестерге өте бай. Ұлттың менталдық өрісінің ауқымы мен көркемдік ойлау қабаттарын және қазақ тілінің есепсіз тіл қуатының молдығын білу үшін ұлт тіліндегі фразеологизмдерге жүгінген жөн. Халық пен бірге жасап келе жатқан эмоциялық мазмұны образды тіркестердің өміршеңдігін оның қолданысынан байқауға болады.

Қазіргі жазба әдеби тілдің қатталған беттерінде қалып бара жатқан фразеологизмдерді бүгінгі ұрпақ тілінен жиі ұшырату қиын. Алайда, мүлдем жоқ деген сөз емес. Бүгінгі жастар поэзиясының тілі де тым жұтаң деуге келмейді. Мәселен:

Ой тұнық. Сезім сынық. Жүрек кірбің.

Тұтқынына айналдым түнек түннің.

Сен жайлы тілектерді айту үшін,

Көп жұлдыз құлағанын тілеп тұрмын- деген Шадияр Есенәлінің өлең жолдарындағы «тұтқынына айналдым түнек түннің» тіркесі ақынға ойын айшықты жеткізуге септігін тигізіп тұр. Ал, сынық сезім тіркесі арқылы тек автор ойының тұнықтығын ғана емес, тілінің көркемдігін, сезімді сындырып, махаббат зынданында, түннің тұтқынына айналғанын образды жеткізіп отыр. Осындағы ақын шеберлігін екі-ақ ауыз тіркеспен бүтін бір махаббат аңызын сипаттауынан байқай аламыз.

Жастар поэзиясының тағы да бір белді өкілі- Айтбек Тұрсынбай:

Қаншама ер бар елім деп өткен,

Жанары жасын, көмілген отпен.

Ақиқат қанша аузы буылған,

Қаншама сыр бар көңілде кеткен.

Замандар қанша құйынды ойнатқан,

Қан майдан қанша үйіңді ойлатқан.

Қаншама ыстық аптапты көрдің,

Қара қарғаның миын қайнатқан – деген өлең шумақтарындағы “ақиқат қанша аузы буылған”  тіркесіне назар салсақ: аузы буылу- үндемеу, сырын ашпау деген тұрақты сөз  тіркесін ақиқаттың аузы буылды, ақиқат сөйлей алмады деген ойдың арнасында ықшамдап көрікіті құбылысқа айналдыра суреттеген. Енді, екінші бөлімдегі аптап ыстық дейтін еркін тіркесін ми қайнатар деп фразеологиялық тіркеске ұштастырып, бір ұғым аясында екі бірдей тілдік құбылысты пайдалана отырып оқиға желісін түсіндіре алуы- ақын тілінің көріктілігін және тіліміздің мол сөздік қор байлығын меңгергенін көрсетеді.

Тіліміз – рухани құндылығымыз. Ал, рухани құндылық – қашан да сол ұлттың төлқұжаты [2,10]Ұлтымыздың  көркем тіл кестесіндегі фразеологизмдер – өзінің айшықты мәнімен  қымбат. Суреткер қаламы дайын бейнені немесе  ой түкпіріндегі сюжетті суреттейді. Әр заманның өз суретшісі, өзіне лайық күйі, үні бар. Ол суреткердің басты қаруы- тілі, соғыссыз майданда тіл құдыретін ұлықтап, барша тіліміздің оралымды тіркестерін орынды пайдалана алса, жеңіске жеткені. Осындай заманының жеңімпазы болуға әдбен лайық ақын- Жадыра Байбұлованың Адам іздеймін:

Адам іздеймін.

Тірі адам…

Жанарыда емес, жыласа жаны жылаған.

Көздері жалған күлетіндерден жалықтым,

Ойлары және тілі арам.

Соншалық биік болуы керек о кісі,

Соншалық терең – бөлектеп тұрар сонысы.

Таскереңдерге айтылған сырды қайтейін,

Тыңдағанменен,естімейді екен көбісі- деген өлеңін қарастырсақ, жанары жылау, жалған күлетін еркін  тіркестерін  жаны жылау, көзі күлу сияқты  фразеологиялық тіркестермен ауыстыру арқылы өлең сөздеріне жан бітіргендей. Тіліміздің әсерлілігін арттырып тұраған бұл тіркестер, әдебиетімізде бұрын соңды болса да, дәл осы өлең жолдарында ажарлана түскен. Бұндай тіркестерді жасау немесе тудыру, түрлендіру – бүгінгі поэзия өкілдерінің де қарым-қабілетініе сыйып тұрғаны қуантады.

Сөз, сөздің мағынасы, көркі, айшықтығы туралы ой бөліскенде Рәбиға Сыздықты атамай кету – үлкен қателік. Себебі, Рәбиға Сыздық: Сөз – ойдың киімі деген аса бір көрікті пікірдің авторы.[3,126] Ең алдымен адамның ойы әдемі болуы керек, ал ойдың киімі- сөз, яғни, әрбір сөз, тілдік оралымдар, екі  сөздің басын қосып біріктірген тіркестеріміздің түгелі бір- бірімен мағыналас, бір-біріне ұштас болуы қажет. Сол бір сөз арқылы адам жүрегін шарлап келетіндей әсерлі әрі жанды болуы тиіс. Осы тұрғыда қазіргі жастар поэзиясында қаламы қарымды ақындардың бірі – Дәурен Тілеуханның OBSCURUM-2 өлеңінде:

«Жақсы көргім келмейді!..» — деші, мейлі—

Өшіре алмай келемін осы Үрейді.

Кешірімді біздерге қимаған Күз

Есігімнің алдында есінейді.

Сөнді тағы сезімсіз от-жүрегім.

От-жүрегің сенің де дертті ме еді?!

Жанымды әзер сақтап ем жалыныңнан,

Көлеңкең де күйдіріп кетті мені.

Жапырағын жанымның желге бердім,

Сенделермін осылай, емделермін.

Жұбың жазбай жөңкіген жауар бұлтпен- деп күз, көлеңке, жапырақ сынды жансыз құбылыстарды тірілте алды. Күзді есік алдында есінетіп, әзер аман алып қалған шүберек жанын көлеңкеге күйдіртіп, желге жан-дүниесінің жапырағын табыстаған ақын – ана тіліміздің сөз иірімін жоғалтпаған шебер суреткер дессек артық айтпағанымыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Кәрімов Х. Қанатты тіл. – Алматы: Санат, 1995. – 144 б.
  2. Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдер сөздігі. – Алматы: «Елтаным баспасы», 2010 . – 252 бет.
  3. Сыздықова Р. Сөздер  сөйлейді –Алматы: «Ел-шежіре», 2014.

Leave a reply