Президент: “Ауыл аманаты” бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді

0
165

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. “Ауыл аманаты” бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек.

Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал.

Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.

Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.

Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.

Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз.

Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.

Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.

Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс.

Келесі мәселе. Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес.

Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады.

Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады.

Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды.

Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек.

Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаржы ұйымдары да кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алады. Сонымен қатар монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажет. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады.

Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет.

Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды.

Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек.

Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет.

2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс.

Біз “жасыл” экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті.

2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек.

Сутегіден қуат өндіру ісін дамыту қажет. Қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады. Ең бастысы, елімізде шикізат қоры жеткілікті.

Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғырландыру жүйелерін құру үшін тың шешімдер қабылдау қажет. Көміртегі бейтараптығына көшуді парниктік газ шығарындыларына арналған квотаны саудалау арқылы тездетуге болады. Үкімет пен бизнес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пайдалану мәселесімен шұғылдануы керек.

Жетекші экономикалар үшін “жасыл” қаржы тарту ісінің маңызы арта түсуде. Өткен жеті жылда жер жүзінде “жасыл” облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаражат жұмсалды. ESG қағидалары аз уақыт ішінде қаржы ұйымдарының қалыпты тәжірибесіне айналды. Осыған байланысты “Астана” халықаралық қаржы орталығы біздің аймақтың “жасыл” қаражат тартатын басты алаңына айналуға тиіс.

Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер.

Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.

Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек.

Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем.

Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз.

Келесі мәселе. Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр.

Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.

Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.

Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн.

Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.

Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.

Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.

Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың “көлеңкелі” нарығы түбірімен жойылуға тиіс.

Халқымыз “Судың да сұрауы бар” деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.

Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. “Қазсушар”, “Нұра топтық су құбыры” және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.

Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын.

Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану.

Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар.

Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс.

Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Ең алдымен, “Достық-Мойынты”, “Бақты-Аякөз”, “Дарбаза-Мақтаарал” бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар.

Қазақстан көлік саласында Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді. Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқарады. Орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе артуы мүмкін. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруымыз қажет.

“Бақты” өткелінде жаңа “құрғақ порт” салу, Ақтаудағы контейнер хабының құрылысын тездету және Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліздің бойында тұрған айлақ әлеуеттерін арттыру керек. Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларында өз терминалдарымыздың құрылысы басталды. Бұл – Қытайдың “Бір белдеу, бір жол” мегажобасы біздің ұлттық бастамаларымызбен тоғысқанының нақты көрінісі.

Іргелес елдердің бәрімен, оның ішінде Ресей, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азиядағы тату көршілерімізбен сындарлы әрі достық қарым-қатынаста болсақ, еліміздің көлік әлеуетін тиімді пайдалана аламыз.

Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет.

“Солтүстік-Оңтүстік” халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек. Алдымен “Болашақ-Челябинск” теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісу қажет.

Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс. Бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы қажет.

Жалпы, саланы дамыту үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізілуге тиіс. Жеке инвестицияны көптеп тарту керек.

“Қазақстан темір жолын” толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет.

Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек.

Leave a reply