ПРЕЗИДЕНТ: ЕЛІМІЗДІҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН БАСТЫ МІНДЕТТІҢ БІРІ – САЛАУАТТЫ, САНАЛЫ, БІЛІМ

0
121

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу басты реформаларының бірі екендігін ерекше атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін Үкіметке білім гранттарының санын көбейту, шет аймақтарды білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету және елімізде шет елдің озық университеттерінің филиалдарын ашу тәрізді тапсырмалар берді. Сондықта да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың интеллектуалды ұрпақ қалыптастыру бойынша берген тапсырмасын жұмыла абыроймен атқарамыз деген сенімдеміз.

“Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек”, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Түркістан облысында жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Жалпы облыста 21 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішіндегі 14 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 5 мектептің жұмысы келер жылға өтпелі. Облыс басшысы оқу жылына дейін тапсырылуға тиіс мектептердің құрылысын, жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырған болатын. Білім саласына биыл бюджеттен 597 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде, мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарына 4 млрд. теңгеден астам қаржы қаралған. 2023-2024 оқу жылында оқушылар оқулықпен 100% қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда 5 баспадағы оқулықтар тасымалдануда, 31 тамызға дейін қалған баспадағы оқулықтар толығымен жеткізілмек.

Одан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыста жекеменшік білім беру мекемелерінің желісін арттыру бойынша нақты шаралар қабылданады. Қазіргі таңда облыста 9 үш ауысымды, 8 апатты мектеп болса, ал, оқушы орынының тапшылығы 30 мың орынды құрайды. Мемлекет жоспарына сәйкес аталған мәселені 2025 жылға дейін шешу жоспарланған. Жаңа оқу жылының басталуында облыста 17 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде облыстағы жекеменшік мектептер саны 110-ды құрап, онда 30 мыңға жуық оқушы білім алатын болады. Ал жыл соңына дейін тағы 7 жекеменшік мектеп ашылуы жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы өңірде 34 мектептің құрылысы аяқталып, 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынуда. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынбақ.
“Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бас­тап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабыл­дадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді.Біз балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешуіміз керек. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін.Бұл түйткіл мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейді. Осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жа­ңа түр­лерін, соның ішінде қаржылан­дырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет. Ата-аналар кез келген балабақшаны немесе мектепті таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады.Мамандардың негіздеуінше, мем­ле­кеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды.Осыған орай, мемлекет қара­пайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл ара­сын­дағы білім беру саласындағы алшақ­тықты қысқартуға жол ашады.Азаматтардың сауаттылығы мен цифр­­лы біліктілігін арттыру мақса­тында Үкі­метке Үздіксіз білім беру тұжы­рым­дама­сын әзірлеуді тапсырамын. Бұл құ­жат­та бейресми білім берудің баламалы нұс­қаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нә­тижелерін мойындау, кәсіби дағ­ды­­ларды сертификаттау мәселелерін қарас­тыру қажет.Сонымен бірге біз кәсіби білім бе­ру­дің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұ­ра­нысқа ие білікті мамандар қалып­тас­тыруға бағыттағанымыз жөн.Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалып­тас­­тыруға басымдық беріледі. Сол се­бепті «Кәсіпкерлік негіздері» пәні мек­­тептен бастап жоғары оқу орнына де­йін­гі барлық білім беру сатысында оқы­ты­луы керек.Өскелең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетіне аса назар аудару қажет.Қаржы тапшылығы кезінде мемле­кет бюджеті есебінен кәсіби спорт клуб­тарын толықтай қамтамасыз ету­дің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квази­мем­лекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда.Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет.«Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз.Білім беру сапасы туралы бірер сөз. Былтыр мен дипломды оңды-сол­ды үлестірумен айналысатын білім меке­мелерін жабуды тапсырған болатынмын.Білім беруді табысты бизнеске айнал­дырған ықпалды адамдардың қарсы­лығынан бұл жұмыс баяу жүруде. Бірақ проблеманы шешу керек. Премьер-Министр бұл мәселені ерекше бақылауға алуға тиіс.Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді.Бұл мәселе бойынша бізге тың көз­қа­рас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ ха­лық­аралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет.Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын.Ғылымды қаржыландырудың және қол­даудың маңызды көзі – ірі кәсіп­орындардың, әсіресе шикізат саласын­дағы компаниялардың қаражаты.Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қол­даныстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компа­ниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орта­лықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басым­дық­қа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсы­рамын. Ірі бизнес өкілдері өңірлік универ­си­теттердің ғылыми қызметін қамқор­лыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді.Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның бас­ты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ”, деді Президент.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылмақ.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-4 сынып оқушыларын мектепте тегін тамақпен қамту туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл бастамасы балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз. Жаңа оқу жылында облыс мектептерінде бастауыш сыныпта білім алатын 190 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл жаңалық ата-аналарды да, балаларды да қуантатыны анық. Себебі бұған дейін тегін ыстық тамақ оқушыларға тек әлеуметтік жағдайына қарай беріліп келген.
Бұдан бөлек, биыл 41 597 балаға қала сыртындағы лагерлер, 153 000 балаға мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылды. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалады. Қазір 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалуда. Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Демалыс лагерлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша отандастарымызға арнаған  Жолдауында ел дамуының негізгі аспектілерін, білім беру жүйесінің өзекті бағыттарын айқындады. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен ағылшын тілін оқытуды күшейту қажеттігін атап өтті. Шынында да, бітіруші сынып оқушылары бейіндік пәндерді тереңдетіп оқу және жоғары оқу орындарына түсуге дайындық үшін жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерді таңдайды.  Бұл ретте Ұлттық тестілеу орталығының деректеріне сәйкес, түлектердің көпшілігі ҰБТ тапсыру кезінде математика, физика, химия және биология сияқты жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді таңдайды. Сондықтан аталған пәндерді оқыту сапасын арттыру үшін педагогтердің біліктілігін үнемі арттыру, мектептің химия, биология, физика кабинеттерін қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету қажет. Бұл деңгей еліміздің және әлемнің жетекші университеттеріне түсу үшін жеткілікті болып саналады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігін атап өтті. Алтынсарин академиясы президентінің айтуынша, өткен оқу жылында мектептерде оқушыларға қаржылық сауаттылық негіздерін үйрететін «Жаһандық құзыреттер» курсы оқытыла бастады. Курс өзінің тиімділігін көрсетті, ол оқушылардың ерте кәсіби бағдарлануына көмектеседі және білім алушылардың бойына ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастырады. Жаңа оқу жылынан бастап «Жаһандық құзыреттер» курсы 5-11 сыныптарда міндетті курс ретінде оқытылады. Жаңа оқу жылында ерте кәсіптік бағдар беруге, инклюзивті орта мәдениетін қалыптастыруға және оқыту мен тәрбиелеу арқылы қазақстандық оқушылардың бойында адамгершілік, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дамытуға ерекше назар аударылатынын атап өткім келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Орта білім беру сапасы – табысты ұлттың қалыптасуының маңызды шарты». Сондықтан қазақстандық оқушыларды жан-жақты оқыту және дамыту үшін қолайлы жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз. Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов биылғы оқу жылының ерекшелеріктерін айтып берген болатын. Биыл 400 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады. Сондай-ақ, 170 мың түлек мектеп бітіреді. Ал 2023 жылғы қаңтардан бастап педагогтердің, балабақша тәрбиешілерінің және басқа да білім саласы қызметкерлерінің жалақысы тағы да 25 пайызға өседі. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүгіннен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға өсетінін еске салды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ғылым және жоғары білім саласында 2022 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары мен алдағы жылға қойылған міндеттер талқыланды.  Ведомство басшысы Саясат Нұрбек өткен жылғы жұмыстың негізгі нәтижелері туралы баяндады.Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ нәтижесіне қарай гранттар құнын саралау жұмыстарын бастады (30%-дан 100%-ға ). Сондай-ақ ЖОО-да жылдық 2-3%-бен оқу ақысын төлеуге ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие беру мәселелері де пысықталуда. Студенттерді баспанамен қамтамасыз ету үшін ЖОО басшылары әкімдіктермен бірлесе отырып, жатақхана салуға инвесторлар тартатын болады. 2022 жылы ғылымды қаржыландыру 70%-ға ұлғайды, ғалымдар мен зерттеушілер саны 1,5 есе өсті. Жетекші ғалымдардың жалақысы негізгі қаржыландыруға қосылды. 11 ғылыми-зерттеу институтын тікелей толық қаржыландыру енгізілді. 2023 жылы қолданбалы ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайту көзделген. Оның ішінде ғылыми зерттеулерді бизнеспен бірлесіп қаржыландыру да қарастырылған. Жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанындағы мамандандырылған инжинирингтік орталықтар мен ғылыми-технологиялық парктер дами түспек. Осы жылы ғылыми зерттеулердің экономикалық тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды әзірлеу және беру жөніндегі нормаларды көздейтін «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң әзірленетін болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру мақсатында жетекші ғалымдардың қатысуымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылады. Өз кезегінде А.Көлгінов Мемлекет басшысының ғылым мен жоғары білімді дамыту тұрғысындағы тапсырмаларын сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтті. Вице-премьер барлық университеттерде ашық, адал, шығармашылық академиялық атмосфера болуы керектігін баса айтты. Университеттердің инфрақұрылымы мен жұмсалатын қаржы көзі оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына және студенттерге жағдай жасауға бағытталуы тиіс.

Vемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталды. Соның бірі – 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Аталған жобаның шеңберінде зияткерлік әлеуетті дамыту, қазақ тілінің дамуына жағдай жасау, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу секілді мәселелер қарастырылған.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы 5 тапсырмадан, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Жоба Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігіқалал және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын құру және басқа да мәселелер қарастырылған. Жобаның басты мақсаты- барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру. Сондай-ақ, жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған.

Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.

Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысы Эльдар Түлековтің айтуынша, ЖАО-мен (жергілікті атқару органдары) бірлесіп 2021-2025 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосу мен ашудың қадамдық жоспарын әзірлеген. Оның мәліметінше, 2021 жылы 33,5 мың орынға 442 мектепке дейінгі ұйым ашылған. 3 пен 6 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балаларды қамту 99,1%-ға, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 88,9%-ға жеткен. Сондай-ақ, ол «Балаға ақша» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жалғасатынын жеткізді.

Екінші міндет – Орта білім беру сапасын арттыру: Қазақстанның өңірлері, қалалық және ауылдық мектептері арасындағы оқыту сапасын алшақтықты қысқарту (PISA). Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Ұлттық жоба аясында 12 жылдық оқытуға көшу жоспарлануда. Былтырдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру көзделуде. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.

Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысы Эльдар Түлеков 2022 жылы Қазақстан алғаш рет ЭЫДҰ PBTS (PISA-based Test for Schools) зерттеуіне қатысатынын жеткізді. Ағымдағы жылғы 8 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жеке мектеп деңгейінде сыртқы бағалауды жүргізуге бағытталған зерттеудің апробациялық кезеңі өткен. Апробацияға ЭЫДҰ іріктемесімен іріктелген республиканың 17 өңірінен 200 білім беру ұйымы қатысқан.

«Әр өңірден 8-ден 24-ке дейін білім беру ұйымы іріктеліп алынды. 17 өңірде ЭЫДҰ халықаралық талаптарына сәйкес апробациялық зерттеу өтті. Зерттеу нәтижелері 2022 жылдың мамыр-маусым айларында шығады», – деді Эльдар Түлеков.

Сондай-ақ, ол өңірлік білім басқармалары, мектеп директорлары оқушылардың білім деңгейі, олардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары, мектеп климаты, сондай-ақ әрбір нақты мектепте оқуға әсер ету факторлары туралы егжей-тегжейлі деректер алатынын айтып өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік осал отбасылардың балалары үшін оқушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгеннен кейін «Цифрлық мұғалім» жобасы іске асырыла бастайды. Сонымен қатар, былтырғы жылы қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру басталды.

Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету.

Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді жою және апатты мектептер үлесін 0,1%-ға дейін қысқарту күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Сонымен қатар, шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 2021-2025 жылдарға арналған 5 000 мектепті жаңғыртудың жол картасы бекітілген. Қазіргі уақытта 1015 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастарды қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен толық қамту қамтамасыз етіледі. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.

БҒМ Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысының дерегінше, 2021 жылы мемлекеттік тапсырыс 2020-2021 оқу жылының 9-сынып базасында қабылдаумен салыстырғанда 20 205 адамға ұлғайтылған. Квота бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға 37,5 мың адам қабылданды, бұл жалпы қабылдаудың 39,3%-ын құрайды.

Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Жоғары оқу орындарының халықаралық имиджі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасын іске асыру басталды. Жоба шеңберінде 2025 жылға дейін 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны) құрылады. Мүдделі мемлекеттік органдармен, ЖАО-мен, ЖОО-мен бірлесіп жол картасы бекітілді.

Меруерт БАЙБАТШАЕВА,
Түркістан қаласы, Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Leave a reply