Президент жолдауы: Қандай маңызды ұсыныстар жасалды

0
107

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы наурыз айындағы Қазақстан халқына жолдауындағы маңызды ұсыныстарға тоқталсақ. Ең алдымен монополияларды түбірімен жою. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады. Басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен бас тарту. Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек. Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.

Парламенттің рөлін күшейту. Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаланы ұсынамын: Президенттің өкілеттігі туралы Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс. Қазір бізде барлығы президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық.

Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Әкімдер, олардың орынбасарлары, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері партияға мүше бола алмайды Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн. Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Президенттің жақын туыстарына кей лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салу Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. Президенттің кей құқықтарына қатысты заң нормаларын жою Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады.

Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма “қолдан басқарудың” орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді. Оның үстіне қазір президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек. Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар “ойын ережесін” түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады. Өкілді билік тармағын қайта құру Біз президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн. Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды президент тағайындайды. Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек. Президенттің сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен президенттің сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады. Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. “Аз болса да, саз болғаны” жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын. Сенат өкілеттігін реформалау Біздің сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн. Осы орайда, сенатқа мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет… Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, мәжілістің мәртебесі арта түседі. Облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет.

Осылайша, президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Сайлау жүйесін жетілдіру Аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі. Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады. Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады. Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды.

Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады. Сайлау үдерісін жаңғырту Байланыс технологиялары қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ, әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрібір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын. Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады… Аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек… Елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің қандай да бір араласуына жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол үшін, ең алдымен, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек.

Құқық қорғау институттарын күшейту. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін… Өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын. Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын. Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі…

Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын. Мен прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет… Кеңестің қызметі қоғам үшін толық ашық болуы өте маңызды. Бұған Жоғары сот кеңесінің конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар мұндай конкурстардың қорытындыларын нақты дәлелмен түсіндіріп, жариялап отырған жөн. Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Leave a reply