ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ АГРОСАЛАНЫ ДАМЫТУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі – азаматтардың әл-ауқатын көтеру, азаматтардың денсаулығын сақтау. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып келеді.
Осы бағытта жұмыс жүргізу мақсатында Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Шәуілдір ауыл округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Аудан басшысы алдымен үйіргелік жерде жылыжай ісін жандандырып отырған ауыл тұрғындары Убайдулла Тулепов пен Ханзада Аширбекованың шаруашылығымен танысты.
«Қызсұлу апа» шаруашылығының иесі Ханзада Аширбекова тұрғын үйінің ауласындағы 0,16 га жерге салынған жылыжайға қызанақ ексе, Убайдулла Тулепов 0,11 га аумаққа қияр егіп, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. С.Сұлтанханов үй ауласын жылыжайға айналдырып, еңбегінің жемісін көріп отырған ауыл тұрғындарының ісі өзге азаматтарға да үлгі болатынын айтып, кәсіп иелерінің еңбекқорлығына ризашылығын білдірді. «Еңбектің көзін тапса, еңбектенсе үйіргелік жерден үйдей табыс табуға болады», – деді аудан әкімі.
Мұнан соң аудан орталығындағы «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, Шәуілдір ауылының тұрғындарымен кездесті. Аталған орталық ардагерлердің бір сәт бой жазып, серігіп қайтатын демалыс орынына айналған. Ғимарат тұз шахтасы (тұзбен емдеу), медике кабинеті, автоматтандырылған түрлі массаж құрылғыларымен және арнайы психологиялық көмек көрсету кабинеті, кітапханамен қамтылған. Орталықта бір күнде 50 қызмет алушыға 14 маман әлеуметтік қызмет көрсетеді.
Кездесу барысында ауыл қариялары ауыл маңындағы «Отырар-2050» мекемесінің теңгеріміндегі пайдаланылмай жатқан жерді ауыл тұрғындарына уақытша мал жаюға беру, Д.Алтынбеков көшесінің бойындағы аяқжолды ұзарту, Т.Бозшабаев көшесін орта жөндеуден өткізу, ардагерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір» мекемесі орналасқан жерді мекеме баланысына беру секілді мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аталған мәселелерге жеке-жеке тоқталған аудан әкімі заң шеңберінде тиісті шешімдер қабылданатынын айтып, жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырма берді.
Кездесу соңында Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын айтып, ақ батасын берді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Еркебұлан Жаймұрзаев,
Отырар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы