ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІНЕ АЙРЫҚША МӘН БЕРІЛУДЕ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған. Бұл жолдау, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр.
Жалпы елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.
“Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады.Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне менің айрықша мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Ал, былтыр мен бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы Жарлыққа қол қойдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен бұдан басқа да бірқатар заманауи бастамалар жүзеге асырылды.Дегенмен, құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын.Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын.Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі.Сонымен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға тиімді қарсы тұру маңызды рөл атқарады.Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын. Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет. Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде.Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түсуде. Бұл ретте, Жоғары сот кеңесі маңызды рөл атқарады. Осы құрылым Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді. Кеңестің қызметі қоғам үшін толық ашық болуы өте маңызды. Бұған Жоғары сот кеңесінің конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар мұндай конкурстардың қорытындыларын нақты дәлелмен түсіндіріп, жариялап отырған жөн.Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді”, деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша мән береді. Осы орайда өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім» және «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Сонымен қатар, арнайы топ барлық ауданда ата-аналармен кездесулер өткізуде.
Білім ұяларының қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесі де назардан тыс емес. Облыста бейнебақылау жүйелерін Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосуға міндетті 743 негізгі мектептің 651-інің бейнекамералары қосылған, 87,6 % құрайды. Сонымен қатар 334 орта білім беру мекемелеріне Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығатын дабыл батырмалары орнатылған. Одан бөлек, мектеп аумағында құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында жеке күзет агенттіктерін тарту мен турникеттер орнату қарастырылған.
Жандос АМАНГЕЛДІҰЛЫ, Төлеби ауданы, №2 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары