ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ИНСТИТУТТАРЫН НЫҒАЙТУ- ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫ

0
101

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялаған болатын. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға да басымдық берілген. Бүгінде азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен нығаюына заңнамалық негіз қаланып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Республикада үкіметтік емес ұйымдар 22 мыңға дейін артты. Ал Түркістан облысында 611 үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Оның ішінде 456 қоғамдық бірлестіктер мен 155 қайырымдылық қорлар бар. Бұл үкіметтік ұйымдардың ішінде қазіргі таңда 50 ден аса ұйым белсенді түрде қызмет атқаруда.

Демократиялық құқықтық мемлекет болу үшін азаматтық қоғам институтын күшейтудің маңызы зор деп білемін. Президенттің саяси реформаларында бұл туралы нақты айтылған болатын. Оның ішінде үкіметтік емес ұйым мүшелері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен ұлттық жобаларды, стратегиялық маңызды талқылауларды бірге жүзеге асырудың маңызына ерекше тоқталды. Президент халыққа Жолдауында мемлекетіміздің жаңару процесіндегі азаматтық қоғам қалыптастырудағы бірнеше нақты-нақты қадамдарды атап көрсеткен болатын.

Бүгінде бізде «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қоры үкіметтік емес ұйымдардың қызметін атқарады. Қор арқылы түрлі қайырымдылық қызметтерін, ардагерлер мен жетімдер, аз қамтылған жанұяларға материалдық және қаржылай көмек көрсету, азаматтарға түрлі мәселелер бойынша кеңестер беру, азаматтарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету және басқа да түрлі мәдени, спорттық шараларды ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүргізудеміз. Бұданда бөлек, облыс бойынша түрлі қайырымдылық қорлары мен қоғамдық бірлестіктер жүйелі жұмыстар атқаруда.

Азаматтық қоғамды дамытудың басты факторы үкіметтік емес ұйымдар екені анық. Алайда қазіргі таңдағы басты мәселе, осындай ұйымдардың саннан сапаға өтуі болып отыр. Сондықтан кейбір қоғам белсенділері мұндай ұйымдарға үлкен мониторинг қажет екенін алға тартады. Бұл ретте реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тартуға жағдай жасалып отыр. Республикалық және өңірлік деңгейде түрлі диалог алаңдары да қарқынды қызметтер жасауда.

Деректерге сүйенсек, Орталық Азия елдері бойынша үкіметтік емес ұйымдар ең көп тіркелген ел Қазақстан екен. Оның бес мыңнан астамы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде мемлекетке серіктес болуды мақсат еткен. Біздегі үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік тапсырыс, гранттар мен сыйлықақы және демеушілердің қолдауы аясында жұмыс істейді. Осы орайда елімізде халыққа пайдасын тигізіп отырған үкіметтік емес ұйымдармен қатар бюджетке қол салып отырған бір күндік жасанды ұйымдардың ара жігін ажыратуымыз маңызды болып отыр. Бұл жерде үкіметтік ұйымдарға қолдау білдіретін адамдар, олар мейлі кәсіпкерлер, мемлекет қызметкерлері болсын өз мүддесі үшін емес, ең алдымен қоғам үшін еңбек етуі керек.

 

Еркінбай ШАЛТАН, «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының төрағасы

Leave a reply