ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: БАСТАМАЛАР ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫП КЕЛЕДІ

0
139

Жаңа Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару институтын қолға алу және дамыту өте маңызды екені түсінікті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі саяси өзгерістердің бастауы азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тікелей қатысты екенін атап көрсетті. Демократиялық қоғамды дамытудың алғышарттарының бірі – жергілікті өзін- өзі басқару мәселесін жетілдіру – еліміздің тарихында күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселе. Оны іске асырудың тиімді тетіктерінің бірі – жергілікті әкімдіктерге іскерлігі мен біліктілігі келіскен адамдарды сайлау.

Яғни азаматтық қоғам өңірдегі сұрақтардан бастап жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетулері қажет. Жаңа Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару институтын қолға алу және дамыту өте маңызды екені түсінікті.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 2345 жергілікті қоғамдастық бар. Жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалаудың ауқымы өте кең екені анық. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар, мәслихаттардың рөлі айтарлықтай өзгеруде, жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасы 2024 жылы қазіргі 6-дан 13-ке дейін өседі. Сондай-ақ кеңестердің өкілеттіктерін кеңейту, ауылдық округ әкімдері аппаратын жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігіне өзгерту, ең бастысы, «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңын қабылдау жоспарланып отыр.
Осы орайда, мемлекеттік органдар, халықпен кері байланыстың заманауи тетіктерін тиімді пайдалануды үйренуі керек. Бұл тұрғындар алдында ауыл әкімінің ашықтығы мен есептілігі деңгейін арттыруға жол ашады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы азаматтық қоғамның белсенділігіне байланысты. Сол үшін азаматтарымыздың белсенділік танытуына көбірек көңіл бөлгіміз келсе, өзін-өзі басқару институттарын дамыту керек.
2023 жылдың 1-тоқсанының қорытындысымен Түркістан облысы көлемінде жергілікті атқарушы органдарға 15 791 өтініш келіп түскен. Нәтижесімен 13 037 өтініш қаралды, 1751 өтініш басқа мемлекеттік органдарға қайта жолданды. 8783 өтініш бойынша қолайлы әкімшілік акт қабылданған. Қалғандары бойынша тиісті жұмыс жүріп жатыр.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2023 жылғы І тоқсанында облыс әкімінің 19 жеке қабылдауы өткізіліп, 125 адамның өтініштері тыңдалған. Сонымен бірге құқық қорғау органдары, департамент және басқарма басшыларының қатысуымен аудан, қалаларда көшпелі қабылдаулар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда, қабылдауда болған азаматтарға заңға сәйкес түсіндірмелер беріліп, мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.
Әрине адамдардың сенімінен жоғары ештеңе жоқ. Әкімдердің халыққа жақын болуы да осы сенімге тікелей байланысты. Мемлекет басшысының реформасына сәйкес келесі жылы аудан әкімдерінің сайлауы өткізілмек, бұл ретте жұртшылық алдағы уақытта болатын саяси өзгерістерге үлкен үмітпен қарап отыр.
Кез келген елде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру – саяси даму мен экономикалық өркендеуге жол ашып, тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту арқылы азаматтық қоғамның қалыптасуына оң ықпал ететін маңызды шарттардың бірі екені сөзсіз. Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы да мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғамның дамуы, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы деңгейі, жергілікті тұрғындардың өміріне тікелей әсер ететін басқа да жағдайларға байланысты бірнеше кезеңдерден тұрады.

Түптеп келгенде бұл еліміздің жағдайы мен болмысына сәйкес келетін жергілікті өзін-өзі басқару үлгісінің өлшемдерін айқындау мәселесіне келіп тіреледі.

Қазіргі кезде қай мемлекеттің де әл-ауқаты жалпы ұлт әлеуетін және жекелей алғанда азаматтардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланумен айқындалады. Сол себепті де көптеген дамыған елдер жергілікті өзін-өзі басқару үлгісін жетілдіруге ұмтылып жатқаны уақыт алға тартып отырған табиғи қажеттілік. Өйткені, биліктің дәл осы деңгейі халыққа барынша жақын және оны негізінен халықтың өзі қалыптастырады, оның бақылауында болады және халықтың негізгі өмірлік қажеттілігін қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі неғұрлым ұтымды құрылса, тек жергілікті ресурстардың жұмсалуы ғана оңтайланып қоймай, сонымен қатар, халықтың билікке деген сенімі едәуір артады. Сондықтан бұл экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге саяси тұрғыдан да өте маңызды! Бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінін мәлімдеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз күнгі «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Жолдауында: «Бәзбіреулердің жауапсыздығы мен бейбастақ әрекеттері заңды сыйлайтын азаматтарымыз үшін тым қымбатқа түсті. Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс. Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті. Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Бірақ, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық. Бәрін де бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қорқуда. Олар біздің мемлекеттілігіміздің тұғырын шайқалту үшін дереу іске кірісу қажет деп шешті. Тіпті, өз халқына қарсы шықты деуге болады. Қасіретті қаңтар күндерінен кейін көптеген адамдар «бәрі кері кетеді, билік жаңғыру қарқынын бәсеңдетіп, аяғын аңдап басатын болады» деп санады. Бірақ, біз алған бетімізден қайтпаймыз. Керісінше, қоғамның барлық саласында жасалып жатқан жүйелі өзгерістердің қарқынын үдете түсеміз», – деді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та бұрынғы «қолдан келіп, қоныштан басқан» дәуірге қайтуға жол жоқ екенін, бізде тек мемлекеттілігімізді, тәуелсіздігімізді сақтап, оны одан әрі нығайтуды міндеттейтін бір ғана жол бар екенін осы батыл сөздерімен айқын ескертті деген сөз! Солай екен, мемлекеттік басқару жүйесінде, соның ішінде оның халыққа ең жақын, күнделікті тіршілікте қоян-қолтық араласып отырған өзін-өзі басқару жүйесінде үлкен өзгерістер болатыны анық. Өйткені, мемлекет дамуының бүгінгі кезеңінде дәл осы салада Қазақстанның алдында үлкен мәселелер тұр. Атап айтқанда мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру жергілікті қоғамдастықтың тыныс-тіршілігін тікелей қамтамасыз ететін бірқатар міндеттерді жергілікті өзін-өзі басқаруды реттеу саласына беруді талап етіп отыр.

Алайда бұл үдеріс көптеген мәселелердің шешілмегендігі және заңнамалық реттеудің жеткіліксіздігі салдарынан тежеліп келеді. Елімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізуге ұмтылудағы негізгі кемшілік жергілікті өзін-өзі басқарудың тұтас үлгісі алдын-ала әзірленбегенінде болып отыр. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтарда қабылданған Заң болып саналады. 2007 жылы Ата Заңға өзiн-өзi басқаруды халық тiкелей, сондай-ақ мәслихаттар мен басқа да жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арқылы жүзеге асыратындығы айқындалған толықтырулар енгізілді. Заңнамада әкімнің мемлекеттік басқару функцияларымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын да жүзеге асыратыны, ал жергілікті деңгейдегі мәселелерді талқылау үшін жергілікті қоғамдастықтың тікелей еркін білдіру арқылы жиналыстарын (жиындарын) өткізуге болатыны белгіленген.

Бүгінгі күні мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында ауыл (село), кент, аудандық маңызы бар қалалар, сондай-ақ қалалардағы аудандар әкімдерінің аппараттары қалыптасқан. Бұл ретте олардың дербес бюджеті жоқ, бірақ бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып табылады. Аталмыш шығыстар аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында қарастырылып, оларды тиісті мәслихаттар бекітеді. Бұл шығыстар мектепке дейінгі тәрбиелеу мен білім беруді жүзеге асыруға, мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсетуге, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға, шаруашылық есепке алуға және т.б. бағытталған.

Ауыл (село), ауылдық (селолық) округ, кент әкімдеріне бірқатар міндеттер жүктелген, бірақ олар қаржымен қалдық қағидаты бойынша қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде бұл әкімдер жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуде қабілетсіз, осылайша халық тарапынан орынды наразылық туады. Қазіргі кезде жергілікті басқарудың ең төменгі деңгейінде дербес бюджеттерді қалыптастыру аудандық бюджеттердің көбі субвенциялы болғандықтан тежеліп отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауында осыған орай, егер билікті орталықсыздандыру үдерісін тереңдете түспесек, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес екенін айтты. «Біз нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастырамыз. Ең алдымен, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының міндеттерін тиімді ажырату қажет. Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Қазақстандықтардың өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн. Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет»,– деді Президент. Осы орайда ол өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарау керектігін де айтып өтті. Бұл да маңызды мәселе. Өйткені, Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан оларды қолдау да тым мардымсыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы уақытта ауыл әкімдері тек қана сайлау арқылы таңдалатыны ескеріліп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болатынына да тоқталды. Сондай-ақ, олардың меншік базасын едәуір кеңейту қажет. Осылай олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. «Олай болмаған жағдайда, бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе болып шығады. Осыған байланысты қажетті дайындық жұмыстарының бәрін биылғы жылдың ортасына дейін аяқтау керек», – деп тұжырымдаған Президент Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, берілген тапсырмаларды жүзеге асыру тәсілдерін пысықтауды және соның бәрін «Өзін-өзі басқару туралы» заңды әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды. Сонымен қатар бұл саладағы халықаралық базалық құжат болып саналатын Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын Қазақстанның ратификациялауы мәселесін пысықтау қажет. Бұл шаралардың барлығы өз айналасындағыларды жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізетін болады.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі өңірлерді дамыту, масылдық көңіл-күйді төмендету және еліміздегі демократиялық өзгерістерді орнықтыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн», – деді Президент.

Сондай-ақ ол мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санайтынын айтты. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі күшті парламенттік мәдениеті және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.

Келешекте қазақ қоғамының демократиялық бағытта дамуы Мемлекет басшысының жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру тұрғысынан белгілеген осындай міндеттер мен тапсырмалардың нақты орындалуына тікелей байланысты болады. Бірақ, бұл орайда бір мәселе айтылмай келеді. Ауыл (село), кент, аудандық маңызы бар қалалар, сондай-ақ қалалардағы аудандар әкімдерінің аппараттары, олардың көбінің дербес бюджеті қалыптасып жатқанымен, сол бюджеттің орындалуын қадағалайтын өздерінің тікелей өкілетті органы жоқ! Бұл міндет олардан жоғары тұрған органдардың құзыретіне жатады.

Сондықтан, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар негізінде ауыл, село, кент, аудандық маңызы бар қалалар мен қалалардағы аудандарда да тиісті өкілетті орган – мәслихаттар құрылса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана ең төменгі деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттар қарапайым азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, Президентіміз айтқандай, өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алып, олардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатыны сөзсіз!

Leave a reply