Thursday, November 21

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫМЕН 29 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

0
101
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды.  “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін бермек. Аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм жасалды. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқылануда. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынды.
Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр.
Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды. Жүйелі әрі жедел жұмыстар нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізілуде.
Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы үш жылда елімізде 401 жаңа мектеп салынбақ. «Жайлы мектептердің» құры­лысын үйлес­тіруші ретінде қор­дың еншілес ұйымы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы таң­далған екен. Тиісінше, жоба аясын­дағы құрылыс жұмыстарына осы компания жауапты. Дәлірек айтсақ, Samruk-Kazyna Construction құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, нысанның сапасы мен уақтылы қолданысқа берілуін қадағалайды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айман­бетовтің айтуынша, компания құрылыстың егжей-тегжейлі жос­па­рын дайындаған. Білім ордалары негізінен қазіргі уақытта орын тап­шылығы қатты сезіліп отырған аймақтарда салынады. Олар – Алматы (63 мектеп), Түркістан (63) және Маң­ғыстау (24) облыстары, сондай-ақ Шымкент (25), Астана (24) және Алма­ты (22) қалалары. Бұл ретте 218 мек­теп – қалада, 183 мектеп ауылдық жер­де бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мек­теп салынады деген жоспар бар.

 

– Ұлттық жоба аясында 2025 жыл­ға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы, – деді М.Айманбетов.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.М.Айманбетов мердігерлерге қатаң талаптар қойылатынын айтты. Жобаларды бағалау кезінде қол­даныстағы стандарттар, ел Үкіметі бекіткен техникалық тапсырма, сон­дай-ақ озық халықаралық тәжірибе ескеріледі. Құрылыста отандық өнді­ріс материалдарын пайдалануға басымдық берілмек.

– Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орын­дық деп белгіленген жеті түрлі нұс­қаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс, – деді компанияның басқарма төрағасы.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында Samruk-Kazyna Construction іс-шаралардың ашықты­ғы мен қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөлмек. 2023 жылғы 10 ақпанда Samruk-Kazyna Construction-ның https://skcn.qaz.network/ жаңа онлайн платформасында жобалау мен мектепті толықтай салып, жөндеу бойынша кешенді қызмет көрсетушілерді таңдаудың байқау құжаттарын алдын ала талқылау басталды. Кез келген азамат құжаттарды қарап, өз ұсынысы мен ескертуін білдіре алады.

– Алдағы 20 ақпанда ашық ресурстарда байқау туралы хабарландыру жариялау жоспарланып отыр. Құрылысты қадағалау инженерлік қыз­меттері де ашық конкурстық негізде сатып алынады, бұл қосымша ашықтықты қамтамасыз етеді. Бар­лық сатып алу Samruk-Kazyna Construction-ның сатып алуға арналған онлайн платформасында жүзеге асырылады. Байқау комиссиясының құра­мына Samruk-Kazyna Construction компаниясының өкілдері ғана емес, «Атаме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, әкімдіктер, «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі мен Оқу-ағарту министрлігінің сарапшылары да кіреді, – деп нақтылады Мәулен Айманбетов.

Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы плат­форма жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың бар­лық кезеңін ашық бақылауға мүмкін­дік береді. Жүйенің ерекшелігі – тап­сырыс беруші, құрылысшылар, әкім­діктердің бірнеше басқармасы, ми­нистрліктер, техникалық бақылау сарап­шылары және басқалары бір­лесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.Біздің елде құрылыстың кейде уақы­тынан кешіктіріліп тапсырылатыны бар. Мұндай тәуекел «Жайлы мектеп» жобасында да алдан шығуы мүмкін. Алайда М.Айманбетов бұл жобада құрылыстың белгіленген кестеден кешігу тәуекелі өте төмен деп сендірді.

– Өйткені келісімшартта нақ­ты мерзім­дер көрсетіледі. Егер құры­лыс­­тың кешігуі тіркелсе, 15 күн ішінде келісім­шартты бұзып, басқа компания­ны таңдауға мүмкіндік бар. Сондық­тан мердігерлер адал жұмыс істейді және «қара тізімге» енбеу үшін жұмыс кестесін қатаң сақтайды деген сеніміміз бар. Әрбір нысанда техникалық қадағалау жүргізетін 3-5 сарапшы бекітіледі. Олар үнемі құрылыс басында болуға міндетті. Қатаң бақылау дегеніміз – осы, – дейді компания басшысы.

Айтақшы, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Компанияның бірінші санатты лицензия бойынша жұмыс тәжірибесі 10 жылды, екінші санатты лицензия бойынша – 5 жылды, үшінші санатты лицензия бойынша 3 жылды құрауға тиіс. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде төленген салық сомасы да ескеріледі. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік. Яғни мектеп Маңғыстауда салынса, сол өңірдің компанияларына белгілі бір деңгейде жеңілдіктер қарастырылады. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринованың мәліметінше, қазір елімізде 3,7 млн оқушы бар және мектептерінде 240 мың оқушы орны тапшы. Егер жаңа мектептер салынбаса, 2025 жылға қарай аталған тапшылық 1,2 млн орынға жетуі ықтимал. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына артылған жауапкершілік жүгі де салмақты.

– Елімізде пайдалануға берілгеніне 50-70 жылдан асқан 500-ден астам мектеп бар. Әрине, олардың бәрін ауыстыру керек. Сонымен қатар үш ауысымды және апатты жағдайда жұмыс істеп тұрған мектептер бар. Қазір ел бойынша 148 мектеп үш ауысымда бала оқытып жатыр. Бұл бала туу көрсеткішінің артуымен байланысты. Яғни бала туу оң динамиканы көрсетіп отыр. Былтыр ел аумағында 247 мектеп салынып, 135 мың оқушы орны пайда болды, – деді Ш.Қаринова.

Оның айтуынша, соңғы 20 жылда елімізде 1 мыңнан астам мектеп салынған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдар­ламасында алдағы бірнеше жылда 1,5 млн оқушы орнымен қамтамасыз етуді тапсырды. Жоғарыда айтқанымыздай, оның 842 мыңы «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін таппақ.

– Жаңадан салынатын «жайлы мектептер» құзыреттілік орталығына айналады деп жоспарлап отырмыз. Өйткені ел бойынша салынатын 401 мектеп аз көрсеткіш емес. Олардың қуаты өте жоғары. «Жайлы мектептердің» директорынан бас­тап, мұғалімдеріне дейін арнайы тәртіппен қабылданады. Олар тиісті оқудан өтеді. Сондай-ақ берілетін білім сапасын бақылауға қатысты үлкен жұмыс жүргіземіз. Мектеп білімінің мазмұны жасақталған және мұғалім оны бағалайды. Оның ішінде формативтік, суммативтік бағалау түрлері бар. Одан бөлек, мектепішілік бақылау жүргізіледі. «Жайлы мектептерде» сыртқы бағалау жүйесі де енгізіледі. Қазақстанда ұлттық бағалау жүйесі құрылғанын білеміз. Сыртқы бағалау арқылы білім беру деңгейін зерттеп, зерделеп отырамыз. Сонда оқушыға тек мұғалім қойған бағамен ғана емес, сыртқы бағалау арқылы да білім сапасы анықталады, – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру нәтижесінде, екі жылдан кейін елі­мізде 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатынын да ұмытпайық.

Айтпақшы, ұлттық жобаның отандық экономикаға деген әсері де айтарлықтай жоғары болмақ. Өйткені мектепке қа­жетті жиһаздардың 95 пайызын отан­дық өндірушілер дайындайды. Құрал-жаб­дық­тардың 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан алынады. Сондай-ақ құрылыс материал­дарының 65 пайызы отан­дық өнімнен тұрады. Демек елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұлттық жобаның алар орны айырықша болмақ.

Leave a reply