ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛЫП ЖАТЫР
Мемлекет басшысының жыл сайын «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс» орындарын ашу жөніндегі тапсырмасы бойынша Түркістан облысында жұмыстар жүйелі жүруде. Келешекте еліміздегі халық санының өсуін ескере отырып, негізінен 2025 жылға дейін 780 мың жұмыс орны ашылады деген болжам бар екен.
Бүгінде Түркістанда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылған. Осы ретте «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының барлық қосалқы аймақтарының аумағында 340 млрд. теңгеге 64 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар шеңберінде 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде мәлімдеген болатын.
Өңір басшысының айтуынша индустриалды аймақта 18 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазіргі уақытта қосымша 10 жобаның іске асырылуы пысықталуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда тартылған инвестициялардың көлемі 16 млрд. теңгеге жетеді, 1,3 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады.
Бұдан бөлек, Ұлттық жобалар бойынша осы жылы 337 адам жұмыспен қамтылған. «Еңбек» бағыты бойынша 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Осылайша өңірімізде халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табуда.
Айгерім ДУЙСЕНБЕКОВА,Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы