ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА

0
122

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда жуырда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттарын түсіндірді.

Бүгінде Сауранда жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары ашылып жатыр. Атап айтқанда, ауданда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 4 дана арнайы техника сатып алуға қаражат бөлінді. Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді мекенінің тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Аталған мәселені шешу үшін 243 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталып, нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 43 тұрғын үй ауыз сумен қамтылмақ. Сонымен қатар, Аша елді мекенінде халық саны көбейіп, 300 оқушыға арналған мектепте 812 оқушы білім алуда. Тұрғындардың сұранысы бойынша 600 орындық мектеп құрылысын жоспарлап, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына енгізілді. Келер жылы пайдалануға берілмек.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруалар өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бойынша 6 бағытта несие алып жатыр. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Ораңғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінде 74 жоба қабылданып, 73 млн. теңгеге 14 жоба қаржыландырылды, 11 жоба кепілдік шартын тіркеу сатысында тұр.

Ауданда 7 кооператив құрылды. Биыл 11 млрд. 332 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд. 460 млн. теңге құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, балық шаруашылығын дамыту, балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма салынады. Мақта майын өндіру цехын ашу жоспарланған. Мал азығын дайындайтын цех салынып, жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы іске асырылады. Жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратовтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көшбасшылардың қатарында дер едім. Дегенмен, әлі де жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту міндеті тұр. Күні кеше Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деген болатын Дархан Сатыбалды.

Жалпы жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 млрд. теңгенің жобалары мақұлданған. Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Бұл ретте, өңірдегі шаруа қожалықтары нәтижелі жұмысымен жобаны жандандырып, өз үлестерін қосуы тиіс деп санаймын.

Одан бөлек, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының ауыл шаруашылығы кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбековтің айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру барысында несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім беруі қажет. Бұл жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құс санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі –
5 жыл, ал мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Жоба аясында кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 27 млн. теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.
«Халық игілігіне жасалған әрбір жоба өз жемісін береді. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады және бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Себебі, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал, төрағасы 27 миллион теңге ала алады» дейді Нұрбол Рысбеков.
Бұл ретте облыстық кәсіпкерлер палатасы облыс әкімдігімен бірлесе отырып, өңір бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі – жобаларды түсіндіріп, бизнес-жоспар дайындап, құжаттарды жинақтауға көмек беру.
Еске сала кетсек, жобаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары толық ақпаратты аудандық «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарынан» нақтылай алады.

Дилшод САИТОВ, Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі

Leave a reply