ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САЯЛЫ МЕКЕНІ

0
142

Бүгінде елімізде дамыған қалалар саны күн өткен сайын арта түсуде. Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы небәрі 5 жыл болса да бұл шаһар бүгінде түркі тілдес елдердің астанасы атануына бір қадам жақын тұр. Иә, біз киелі мекен Түркістанды сөз қылудамыз. Бұл мекеннің басқа қалалардан ерекше тұсы өте көп. Зәулім тұрғын үйлер, саябақтар және ТМД елдері арасында жалғыз «Алтын самұрық» ұшатын театрын тілге тиек етсек болады. Міне, осы секілді тамаша көріністерді құшағына сыйдырып тұрған қаламыз – Түркістан! Түйір тасын түртіп қалсаң тарихтан сыр шертетін киелі мекенді осыдан 5 жыл бұрын көрген туристер қаланың аз уақыт ішінде осындай биік белеске жеткеніне қызығып та, қызғанып та қарары сөзсіз.

Қаланың көркін кіргізетін әрине ең әуелі жарықшамдар, саябақтар мен түрлі түске боялған тұрғын үйлер. Иә, кез-келген қаланың мақтан тұтатын, беделін арттыратын бір ғимараты немесе саябағы болады. Мысалы, Елордамыздағы 97 метр биіктікті құрайтын – Бәйтерек, Алматы қаласындағы бұлтпен таласып жатқан Алатау шыңы. Ал, киелі шаһарымызға келер болсақ, туризмі дамыған бұл қалада Қ.А.Ясауи кесенесінен кейін Ұлы «Жібек жолы» сауда жолына ұқсатып салынған «Керуен сарай» туристік кешенін айтуға болады. Екі жыл бұрын бой көтерген туристік кешеннің іші де, айналасы да демалуға қолайлы. Бүгінде Түркістан қаласына табан тіреген қонақтардың басым көпшілігіне қала ішінде орналасқан саябақтардың күтімі ұнауда. Сөзімізге дәлел қаламызда орналасқан Президент саябағы. Аталмыш саябақтың ел игілігіне пайдалануға берілгеніне тура бір жыл толып отыр. Саябаққа кірген кезде сол жағыңызда Түркістан облысының Әзірет Сұлтан атындағы бас мешіт бар. Оң жағыңызда «Күлтөбе» ескі қалашығы бар.

Аумағы 38 гектар болатын саябақта бүгінде 8 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Тағы бір ерекшелігі, әлемнің бірнеше мемлекетінен әкелінген елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері де осында өсіп тұр. Сонымен қатар, саябақта 1400 ден астам жарық шам мен 235-ке жуық орындықтар қойылған.

Дәл бұл саябақтың көпшіліктің көңілінен шығу себебі, жазы ыстық болатын киелі қаламызда бұрын соңды болмаған, сыйымдылығы – 100 мың текше метрге жуық, тереңдігі – 4 метр болатын жасанды көл бар. Бұл көлде катамаранмен серуендеуге мүмкіндік бар. Көлдің ортасында түнгі қаланы тамашалауға болатын Ұлы даланың жеті қыры монументі бар. Бұл жерде 7 керемет мүсінделген. Атап айтар болсақ, атқа міну мәдениеті, аң стилі, ежелгі металлургия, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, ұлы жібек жолы және де Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны бейнеленген.

Саябақ жобасын жетілдіру барысында халықтың таза ауада демалуы үшін жайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған табиғи және жасанды сәулет-инженерлік құрылыстардың жиынтығын қамтитын 25 гектарға жуық газон егілген болса, 5 субұрқақ және 50 метрдей болатын 7 су ұңғымалары бар. Алдағы уақытта саябақта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған біршама жобалар жүзеге аспақ. Егер сіз қала қонағы болсаңыз, саябаққа міндетті түрде барыңыз. Өйткені, керемет пейзаж сізге жақсы әсер қалдырары анық.

Ақтілек ҚАЙРАТҚЫЗЫ.

 

Leave a reply