Ресейдің Қорғаныс министрі Солтүстік Кореяға барды
Қорғаныс министрі Сергей Шойгу бастаған Ресей делегациясы Солтүстік Кореяға барды. Бұл туралы Infonews.kz сайты Ведомости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл Ресей қорғаныс министрі бастаған делегацияның Солтүстік Кореяға жасаған алғашқы сапары болмақ.
“Ресей Қорғаныс министрінің мерекелік шараға баруы ешбір бөтен мақсатты көздемейтіні анық”, – дейді Ұлттық зерттеу университетінің Экономика жоғары мектебі жанындағы Еуропа және әлемді жан-жақты зерттеу орталығының сарапшысы Андрей Фролов.
Тағы бір сарапшының пікірінше, бұл Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы тығыз қарым-қатынастың көрінісі.
“Шойгудың Солтүстік Кореяға сапары Мәскеу мен Пхеньян қарым-қатынасының жақсы екенін көрсетеді” – деді Шығыстану мектебінің жетекшісі Андрей Карнеев.
Аталған жиынға, Қытайдан да арнайы қонақтар келмек. Қытайдан келетін делегацияны Қытай Коммунистік партиясының ресми өкілі, партияның Орталық комитетінің мүшесі болып табылатын Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Ли Хунчжун басқарады.
“Бұл сапар өте маңызды болмақ. Өйткені ол Пекиннің Солтүстік Кореяға қолдау көрсетуін, сондай-ақ Пхеньянның пандемия кезіндегі шекаралық шектеулерді жеңілдетуге дайындығын көрсетеді”, – деді Сеулдегі Эвха әйелдер университетінің халықаралық зерттеулер профессоры Лейф-Эрик Исли.
Пхеньяндағы әскери парадқа 15 мың адам қатысады деп күтілуде. Ким Ир Сен алаңында болатын әскери парадта Солтүстік Корея жаңа ядролық қаруын көрсетуі мүмкін.
Сондай-ақ екі ел делегациясы Солтүстік Кореяның пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік қонақтары болмақ. 27 шілде Пхеньян үшін Корей соғысының 70 жылдығын және АҚШ пен оның одақтастарына қарсы күресін тойлайтын күн.
Айта кетейік, Солтүстік Кореяда 27 шілде жеңіс күні болып саналады. 1953 жылдың дәл осы күні Корей соғысында АҚШ қарулы күштері негізінде құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әскерлерінің қолбасшылығы мен Қытай халық еріктілері және Корей халық армиясының бірлескен қолбасшылығы арасында бітімгершілік келісімге қол қойылған еді.