РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ТҮРКІСТАНДЫҚТАР БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА
Бүгін елімізде “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына өзгерістер енгізу үшін референдум басталды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да ұйымдастырылған №133 референдум учаскесінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевте өз таңдауын жасады.
Аталған сайлау учаскесінде 2,5 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Қатысушылар “Қазақстан Республикасы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауалға өз жауаптарын белгілеп арнайы жәшікке салды.
“Бұл аумаққа тіркелген сайлаушылардың белсенділігі өте жақсы. Учаске таңғы 7.00-ден бастап ашылды. Ең алғаш келіп, дауыс берген азаматтарға сый-сыяпат жасалды. Мұнда 2459 сайлаушы тіркелген. Оның көпшілігі – университет студенттері мен ұстаздары және қала тұрғындары. Учаскеде барлық әдістемелік құрал-жабдықтар орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалып, арнайы кабиналар қарастырылған”, – деді Референдум учаскесінің төрағасы Бегахмет Абусейтов.
Сонымен қатар, №133 сайлау учаскесінде Түркістанда гастролдік сапармен жүрген «Астана Опера» театрының әртістері де болып, референдумға қатысты. Бұдан бөлек, облыстық әкімдік қызметкерлері, басқарма басшылары, университет қызметкерлері, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.