РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ТҮРКІСТАН ДАУЫСЫ – 2023» ӘН БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

0
178
Бүгін облыс орталығында республикалық «Түркістан дауысы – 2023» жас орындаушылар байқауы өз мәресіне жетті. Еліміздің әр өңірінен келген 16 үміткер екі күн бойы ән додасында бақ сынады. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған байқаудың шартына сәйкес, қатысушы екі музыкалық шығарманы орындады. Бірінші күні қазақ композиторларының әндерін шырқаған қатысушылар бүгін өз таңдауы бойынша еркін тақырыптағы шығарманы орындады.
Кешке елдің сүйіктісіне айналған белгілі әнші Мейрамбек Беспаев қонақ болып, өнер көрсетті. Байқауға музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрғиса Дәуешов, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Мадина Садуақасова, әнші, «Орда» тобының солисі Дастан Оразбеков, әнші, композитор Сәби Мархаба, әнші, түрлі республикалық, халықаралық байқаудың жеңімпазы Бауыржан Исаев төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімімен республикалық «Түркістан дауысы – 2023» жас орындаушылар байқауында Ербол Нариманұлы (Абай облысы) бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Аружан Айдарбек (Түркістан облысы) пен Ерназар Жұбанға (Маңғыстау облысы), ІІ орын Аян Байжігіт пен (Жетісу облысы) пен Жанар Жүніске (Шымкент қаласы) бұйырды. Ал Аружан Бисембай (Батыс Қазақстан облысы) мен Дана Сағымбай (Алматы қаласы) және Ақбота Құснадин (Қызылорда облысы) жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Байқаудың арнайы жүлдесі Данияр Барыс (Түркістан қаласы) пен Дана Мажитоваға (Атырау облысы), Мөлдір Төлебековаға (Жамбыл облысы) бұйырды. Ақбөпе Алибекова (Ақтөбе облысы), Халид Орынқұл (Ұлытау облысы), Нұрбол Сыдықов (Астана қаласы) байқау дипломанттары атанды. Мадина Қабдолла (Қарағанды облысы) мен Тимур Көпжасар (Павлодар облысы) қатысқаны үшін дипломмен марапатталды.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастырған байқаудың мақсаты – шығармашыл, дарынды жастарды анықтау, олардың өнеріне қолдау көрсету, халықаралық мәдени, туристік байланысты дамыту және нығайту, қазақ музыкасын насихаттау.

Leave a reply