Референдум – ең маңызды мәселелерді халық болып шешудің тетігі
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата Заңға өзгерістерді бүкіл халықтың талқысына шығаруы – ел болып қолдауға лайықты іс. Халқымен ақылдасатын биліктің аты озады. Бұл әрбір азаматтың жан дүниесін түлетіп, мерейін өсіріп, рухын көтереді. Жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы қадамын референдумнан бастау арқылы Президент енді әр қазақстандықтың пікірі маңызды екенін айқындады.
Референдум – мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің басты тетігінің бірі. Сол арқылы әрбір әрекетімізді, атқарар істерімізді, еңсерер меже-міндеттерімізді өзара ақылдаса отырып, кемеліне келтіріп, жүйелі жүргізе аламыз. Мұндай плебисцит әрбір азаматқа өз ұстаным-пікірінің мемлекет үшін маңызды екенін түсінуге, өзін ортақ Отанымыздың бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік береді.
Байырғы замандардағы хандарымыз іргелі істерде халықпен кеңес құрған, бұқарасының батасын алған. Бертінде қазақ көсемдері Мәңгілік ел құру жолында бас біріктіріп, бір тудың астына жиылып, Ұлытаудағы жақпар тастарға бірліктің бітімінің символындай төл таңбаларын қашап қалдырған. Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған референдумда әрбір қазақстандықтың таңдауы – біріге, тұтаса келе, біртұтас елдің таңдауына айналады.
Алдағы Конституциялық реформа нәтижесінде Ата Заңдағы 98 баптың 33-і өзгереді деп күтілуде. Референдумда ел қолдаса, онда Ата Заңға түзетулер биыл күшіне енбек. Тек Парламентке және Конституциялық соттың қызметіне қатысты нормалар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізілуі мүмкін. Бұл – жыл соңына дейін осы конституциялық жаңашылдықтарды жүзеге асыру үшін қажетті заңдардың тұтас топтамасын қабылдау қажеттілігімен байланысты.
Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы – халықтың меншігі, байлығы» деген бап енгізілмек. Бұл – халқымыздың талабы. Бұл Президент айтқан Жаңа Қазақстандағы әділеттіліктің орнауы болмақ. Қолданыстағы Конституцияда «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деп жазылған.
Реформа аясында Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен бас тартады. Тәуелсіздікті қалыптастырудың, мемлекет құрудың бастапқы кезеңінде бұл даму моделі қажет те еді. Бірақ қазір заман өзгерді. Сондықтан суперпрезиденттік басқарудан дамыған елдердегі секілді мықты Парламентке сүйенген президенттік республикаға біржола көшеміз. Парламенттің құзыры мен рөлі күшейеді. Мұндай жүйе биліктің үш тармағының (Парламент, сот және атқарушы биліктің) оңтайлы тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септеседі.
Осы орайда Мемлекет басшысы өзіне қатысты салмақты шектеулерді қабылдап отыр. Біріншіден, Amanat партиясының кезектен тыс XXIII съезінде Қ.Тоқаев билеуші партияның төрағасы өкілеттігінен бас тартты. Сондай-ақ Конституциялық түзетулер нәтижесінде Президент өз өкілеттігін атқару кезеңінде кез келген партияға мүшелігін уақытша тоқтата тұруға міндеттелмек. Аталған норма елдегі саяси бәсекені арттырып, саяси монополияны жояды, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Сайлауға қатысатын әрбір күшке тең мүмкіндік туғызады. Өзге партияларды Президенттің мысы басып тұрмайды. Сөйтіп саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады.
Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанады, бұған тосқауыл қою үшін барлық әкім мен орынбасарына партия филиалдарына төраға болуға тыйым салынады. Бұл көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға жол ашады.
Екіншіден, облыстардың және мегаполистердің әкімдерін тағайындау рәсімі түбегейлі өзгереді. Қолданыстағы тәжірибе бойынша өңір әкімдерін мәслихат келісімімен Президенттің өзі тағайындайтыны мәлім. Енді әкімдердің кандидатураларын келісімнен өткізудің жаңа тетігі бекітілмек. Оған сәйкес Мемлекет басшысы қандай да бір облыс не республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына жалғыз емес, бірнеше кандидатты баламалы негізде ұсынады. Оларды облыстық немесе қалалық мәслихат депутаттары қарап, арасынан біреуін таңдайды. Басқаша айтқанда, бұдан былай облыс әкімі де сайланады деуге болады. Іс жүзінде аймақ басшысы кім болатынын жергілікті депутаттар айқындайды. Депутаттардың көпшілігінің даусын жинаған үміткер жеңімпаз болып есептеледі және мәслихаттың келісімін алған кандидат мәртебесіне ие болады. Мемлекет басшысына облыс не мегаполис басшысы ретінде соны тағайындау ғана қалады.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы өзінің туыстарына қатысты да қатаң шектеу қабылдады: оның жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші бола алмайды, квазимемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда басшылық лауазымдарды атқара алмайды. Президент бұл шешім қаңтар оқиғаларының маңызды сабағынан туғанын айтты. Себебі мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Олар мемлекетті жекеменшігі сияқты көре бастайды.
Сонымен қатар кез келген мемлекетте тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайластықтың терең тамыр жаюына соқтырады. Ал тамыр-таныстық пен рушылдық елдің ілгері басқан қадамын кері тартып, мемлекетті құрдымға құлатады. Мұндай кесірлі қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ, бұлыңғыр екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді. Демек жаңа конституциялық реформа барлық азаматқа бірдей мүмкіндік туғызбақ.
Төртіншіден, егер Қазақстан халқы алдағы референдумда Ата Заңға түзетулерді құптаса, онда Президенттің өкілеттігі біршама азаяды. Мысалы, Мемлекет басшысы облыстардың, мегаполистердің әкімдері қабылдаған шешімдерді, шығарған актілерді жою, ол құжаттардың күшін тіпті уақытша болса да тоқтата тұру құқығынан айырылады.
Бесіншіден, Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін де лауазымынан босата алмайтын болады. Өйткені Қ.Тоқаев бастамашы болған саяси жаңғырулар аясында елімізде ауыл және аудан әкімдері сайланады. Тиісінше, ауыл, аудан жұртшылығы өзі сайлаған әкімін қызметінен өздері алып тастай алады. Мемлекет басшысы сайланған әкімге тиісе алмайды.
Осылайша, тәуелсіздіктің отызжылдық кезеңінде қолданылған «қолдан басқару» тәжірибесі жойылады, барлық іс Президентке барып тірелмейді, өңірлік мәселелерді жергілікті өзін-өзі басқару органдары тұрғындармен ақылдасып, сол жерде шешуге құқылы, құзырлы, қауқарлы болады. Жергілікті биліктің дербестігі артады. Бұл – біз ұмтылған дамыған елдердің үлгісі.
Ата Заңға енгізілгелі отырған өзгерістер Парламентті, мәслихаттарды, жергілікті билікті күшейтуге бағытталған. Нәтижесінде, олар қысылтаяң шақтарда өз бетінше жұмысын жалғастыруға қабілетті болады, бір кісіге қарап отырмайды. Осының арқасында Президент болып қандай тұлға сайланса да, оның биліктің барлық тармағына билік жүргізуіне жол берілмейді. Осы арқылы біз алдыңғы қатарлы елдерге бір табан жақындай түсеміз.
Әр қазақ халқымыздың ардақ тұтар адамдық, азаматтық қасиеттерін танытып, Президенттің реформаларын құптап, оны талқыға салуға қызу атсалысады, референдумға белсене қатысады деген сенімдемін.
Бақытбек СМАҒҰЛ.