РЕФЕРЕНДУМ – ӘР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
Бәріміз білетіндей, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Жаңа өзгерістер лебі ел президентінің саяси жаңғыру туралы биылғы Жолдауынан бастау алды. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына тәжірибелі мамандар, ғалымдар мен сарапшылар тартылып, Конституциялық кеңеске енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы ұсынылды.
Артқа шегінсек, конституцияға 27 жылға жуық уақытта 5 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:
– 1998 жылдың 7 қазанында 19 бапқа;
– 2007 жылдың 21 мамырында 40 бапқа;
– 2011 жылдың 2 ақпанында 1 бапқа;
– 2017 жылдың 10 наурызында 25 бапқа;
– соңғы өзгерістер 2019 жылдың наурызында Қазақстан Республикасының елордасының атауын өзгертуге қатысты енгізілді.
Дегенмен, бұл конституциялық реформалар да елді демократияландыруға бағытталған нақты қадамдар болғанын ұмытпауымыз қажет. Новеллалардың бірқатары қолданыстағы құқық жүйесінде сол сәтте Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге және оны елдің бүкіл аумағында сөзсіз орындауға, мемлекетті басқаруды жетілдіруге, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, азаматтардың конституциялық міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге бағытталған болатын.
Жоспарланып отырған конституциялық реформаның басты ерекшелігі – өзгерістер мен толықтырулар референдум арқылы іске асады. Бұл, әрбір азамат өз болашағы үшін, елдегі саяси-өзгерістер үшін азаматтық белсенділік танытып, дауыс береді деген сенім.
Конституцияның преамбуласы «Біз, ортақ тағдыр біріктірген қазақстан халқы» деп басталып, «осы конституцияны қабылдадық» деген сөзбен аяқталады. Конституциялық реформалар іске асқаннан кейін осы тұжырымның мәні арта түсетіндей. Себебі, конституцияны қабылдаған халық, өзгертуге құқылы ең бірінші субъект те халық болуы тиіс, сол үшін де биліктің бастауы – халық.
Президент өзінің бұдан бұрынғы халыққа жолдауында саяси, экономикалық реформалар жүргізілетінін нақты айтты. Сол ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін, сөзсіз, референдум қажет.
Біріншіден, бұл саяси науқанның енгізілуі – қоғамдағы саяси мәдениеттілікті көтеруге, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға, сонымен қатар саяси аренаға көптеген өзгерістер алып келетін бастамалардың бірі. Әлемде болып жатқан геосаяси өзгерістердің барлығы еліміздегі саяси мәдениеттің жаңа бір деңгейін қалыптастыру қажеттілігін көрсетіп отыр. Екіншіден, тікелей парламенттің ішіндегі үлкен өзгерістер сенат пен мәжіліс арасындағы қарым-қатынас мәселесін реттеуге мүмкіндік береді. Бұл референдумның маңыздылығы сол, Конституцияның әрбір үшінші бабы өзгеріске ұшырайтын болады. Бұл өте ауқымды жұмыс.
Әділ, демократиялы жаңа Қазақстанды құру – уақыттың талабы. Сондықтан Ата заңымызға ұсынылып отырған түзетулердің ең басты мақсаты ішінара емес, еліміздегі реформаларды, жүйелі шараларды көздейді. Сондықтан, Референдумға қатысып, дауыс беру бұл шын мәнінде екінші республика үшін, жаңа Қазақстан үшін дауыс беру деген сөз. Яғни, осы референдум арқылы біз Президент іске асыратын реформаларды қолдаудың маңыздылығын түсінеміз. Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылмақ. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі заңгер-құқықтанушылар және конституциялық құқық саласының мамандары әзірледі. Өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Ол тікелей бәрімізге қатысты болғандықтан, әр азаматтың пікірін біліп, референдумды жалпыхалықтық талқылауға ұсыну Қазақстандағы дұрыс бағыттардың бірі. Президентіміздің оң бастамасын әрбіріміз қолдауымыз керек деп ойлаймын. Себебі, саяси реформаларсыз, мықты институттарсыз мемлекет ешқашан табысты бола алмайды.
Жалпы, конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін барынша арттырады және саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландырады деп толық сеніммен айта аламыз. Президентіміз Қ.К. Тоқаев «Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту» – деп, өз ұстанымын нақты білдірді.
Гүлбақыт Дулатова