РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІ КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА
18 қазан – Рухани келісім күні. Бұл күн Қазақстанда дүниежүзілік деңгейдегі теңдессіз оқиға – рухани келісімнің алғашқы әлемдік конгресі өткен 1992 жылдан бастау алады.
Осы атаулы күннің аясында биыл облыс көлемінде бірқатар мерекелік іс-шаралар өтеді. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, күнтізбемізге 18 қазанның Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ топырағына бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бастама.
– Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Бұл мерейлі күн жыл сайын облыс көлемінде жоғары деңгейде атап өтіліп келеді. Сол дәстүр биыл да облыстағы барлық қала, аудандарда жалғасады. Осы орайда, ертең 18 қазан күні, өңір басшысының облыстағы діни конфессия жетекшілерімен кездесуі өтеді. Қабылдау соңында діни конфессиялар жетекшілері мерекеге орай арнайы марапатталады. Сондай-ақ, облыстық дін істері басқармасы «Яссы» спорт кешенінде мерекеге орай спорттық сайыстар ұйымдастыруда. Атап айтсақ, 2 кезеңнен тұратын шағын футболдан турнир мен командалық арқан тартыс, сондай-ақ, кір тасын (гир) көтеру мен қол күрес (армрестлинг) турнирі. Оған облыс көлеміндегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқаратын мемлекеттік мекеме қызметкерлері және діни бірлестік өкілдері қатысады, – деді Рүстем Сабыржанұлы.
Спикердің сөзінше, бұл шараға ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігі мен «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігі, «Сарыағаш медресе колледжі» мен «Балаби қарилар дайындау орталығы», Қазақстан Халқы ассамблеясы, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті, сондай-ақ, ТО Полиция департаменті мен Дін істері басқармасының спорттық командалары қатысады.
Сонымен қатар, турнирдің ашылуы, қорытындысы және қатысушыларды марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өткізіледі. Жеңімпаздар дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен және естелік кубокпен марапатталады.
Еске салсақ, биыл бұл жалпыұлттық мереке Қазақстанда 30-ші рет өтпек. Бұл күн халықты біріктіреді, қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты, толеранттық идеялардың рухани бірлігін және дәстүрлі адамгершілік құндылықтарды насихаттайды.