«Dala fruit.kz»: Жыл сайын жұмыс жанданып келеді
Сайрам ауданындағы Қарасу ауылдық округінде қарқынды бау шаруашылығы жылдан-жылға дамып келеді. Белгілі кәсіпкер, «Dala fruit. kz» ЖШС-нің басшысы Болатбек Нәжіметдинұлы тамшылатып суару әдісімен қарқынды бау өсіру аясында іске асырылған жобалармен таныстырды.
Жоба бойынша 2013-2016 жылдар аралығында 102 гектарға алма, 5 гектарға қара өрік көшеттері отырғызылған. Ол «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Бақ заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, мұнда тамшылатып суару әдісі қолданылады. 77 жұмыс орны ашылған. 2020 жылы баудан 4000 тонна алма, 100 тонна қара өрік жиналған.
Бүгінгі таңда сыйымдылығы 15500 тонналық көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма іске қосылған. Бұдан бұрын 2017 жылы сыйымдылығы 8200 тонналық, 2019 жылы сыйымдылығы 7300 тонналық қоймалар салынған болатын.
2018 жылы кәсіпорында тауарлы емес (падалица) алманы қайта өңдейтін цех іске қосылып, 12 жұмыс орны ашылған. Жобаның қуаттылығы – жылына 11 мың тонна тауарлы емес алманы қайта өңдеп, 7,7 млн. литр алма шырынын шығару. Жобалардың жалпы құны 6,17 млрд. теңгені құрады.
Жоба бойынша мемлекеттік инвестициялық субсидиялар тұрақты берілуде. Серіктестіктің өндірген өнімдеріне сұраныс жоғары. Табиғи және таза өнімдер Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарына сатылымға шығарылуда.