Сайрамда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстары басталды
Өткен жылы республикалық бюджеттен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі 19 көшеге асфальт төсеу жұмыстарына қажетті қаржы қаралып, биыл шілде айында жөндеу жұмыстары басталды. Жол жөндеу жұмыстары 3 кезеңге бөлініп, бүгінде Әсіларық ауылындағы Көктем көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдағы уақытта биылғы жылдың қазан айына дейін округтегі Көмешбұлақ, Парасат, Темірқазық, Мұсаев тұйық, Қ.Жұмабаев, Әлжанов, Қазыналы, Абай (Шіркін), Ж.Шамет, Сағым, Жаңғыру, Абай тұйық (Қасымбек датқа ауылы), Жастар, Одаманов, Ы.Шалабаев, Шынарлы, Самал және Абай (Тоған ауылы) көшелеріне кезең-кезеңімен асфальт төселетін болады.
Айта кетейік, аталған көшелерді асфальттау жұмыстары аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырыс беруімен, «Дан-Строй-Проект» ЖШС техникалық қадағалауындағы «EL-KZ 2020» ЖШС, «Тумар-СтройПроект» ЖШС мердігер мекемелер тарапынан атқарылады.
Жалпы биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Жыл қорытындысымен 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%). Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшердің жалпы ұызындығы 3380,5 шақырымды құрайды.