САЙРАМДА ЖАҚЫН КҮНДЕРІ КӨШЕТ ЕГУ МАУСЫМЫ БАСТАЛАДЫ

0
118
Түркістан облысы бойынша елді мекендерді көгалдандыру, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын заңдастыру және балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, салаларға қатысты ұсыныстар мен проблемалық мәселелерді талқылау мақсатында құрылған жұмысшы топ Сайрам ауданында болды.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиналысқа облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қ.Әбдуәлиев, Түркістан облысы бойынша экология департаментінің өкілі, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушысы М.Оразалиев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Н.Әбілдаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е.Серікбаев, ауылдық округтерінің әкімдері, жеке кәсіпкерлер және ауыл еңбеккерлері қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Республиканың мемлекеттік орман қорында 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған.
Осыған байланысты 2025 жылға дейін облыста орман қоры жерлеріне 110210 гектар алқапқа 170 млн., елді мекендерде 1149 га аумақта 1 млн. 81 мың түп көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Сайрам ауданында елді мекендерді көгалдандыруға 2022 жылы 2910 көшет егілген. Алдағы уақытта аудан аумағында көгалдандыруды босатуға 22993 ағаш-бұта көшетін егу жоспарланған. Оның ішінде көгілдір шырша, қарағай, шаған, үйеңкі, сән ағашы, боз арша секілді 19513 ағаш көшеті егілетін болса, 3480 түп раушан гүлі де қарастырылған.
Жиында инфрақұрылым жүйелері, әсіресе су жүйесімен қамтылған елді мекендердің аумақтарына егудің қажеттілігі ұсынылды. Сайрам ауданында ағымдағы жылдың 20 ақпанынан бастап барлық ауылдық округінде көшет егу жұмыстары қолға алынатын болады. Қазіргі таңда көшеттерді егу аумақтары анықталып, жерлерге қазу жұмыстары басталады.
Егу жұмыстары аяқталған соң, облыстық жұмысшы топпен жергілікті жерде жасыл екпелердің жерсінуіне тексеру, бақылау жүргізілетіні ескертілді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша талқылау өтіп, қойылған сұрақтарға жауаптар алынды.

Leave a reply