САЙРАМДА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның ішінде көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда Сайрам ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жүйелі жұмыстардың барысы аудан басшысы Арман Сабитовтың қатаң бақылауында тұр.
Бүгін аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жол құрылысы мен жөндеу саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Осы тақырыпта өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары мен ауылдық округтерінің әкімдері қатысты. Жиынды ашқан аудан басшысы Арман Сабитұлы көтеріліп отырған тақырып – ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Жол сапасы ауданымыздың әр тұрғынын алаңдатады. Жолдар – экономиканың күре тамыры, елді мекендерді дамытудың ең маңызды шарты және өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіру қажет», – деген аудан басшысы жол сапасына объективті және субъективті себептеріне талдау жасады.
Сайрам ауданындағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1 298,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде 22 шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, 183,9 шақырым облыстық маңызы бар жолдардың үлесінде. Ал, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 140,5 шақырым болса, 951,7 шақырым жол елді мекендердің ішкі көшелерінің теңгерімінде.
Өткен жылы Ақсукент елді мекенімен Манкент, Сиқым және Жібек Жолы елді мекендерін қосатын КХ-40 автомобиль жолы жөндеуден өтіп, қолданысқа берілсе, бүгінде Сайрам ауданындағы КХSR-24 КХ-41 «Қарасу-Қызылту-Сайрам» КХ-3 «Көксәйек-Шаян» Ақсу өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 2024 жылы Қарасу ауыл округі аумағы арқылы өтетін аудандық маңызы бар КХSR-1 «Қарасу-Ақбай-Жаңатұрмыс-Бескепе-Ынтымақ» автомобиль жолының 0-7,6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл аудандық маңызы бар «Оймауыт-КХ-37», «Манкент-Сайрам-KX-3», «Ақсуабад-Қарабұлақ» және «Аксуабад-Шапырашты-Береке-Ынтымак» автомобиь жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы аудандағы ішкі және аудандық маңызы бар жолдардың 102 шақырымы жөнделеді.