САЙРАМДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫ ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСУДА

0
48

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде экологиялық акция басталған болатын. Науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Бұл бастаманы Түркістан облысының табиғат жанашырлары қуана қабылдады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды өзі үлгі көрсетіп, шаһардағы белсенді демалыс саябағына ағаш екті. Барша түркістандықтарды жаңа акцияны қолдауға шақырып, туған жердің тазалығын сақтау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді.

Бүгін Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округіне қарасты М.Оразалиев елдімекенінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Акция барысында көше бойларындағы шөптер орылып, аялдамалар сырланды. Сондай-ақ, қоршаулар қайта қалпына келтіріліп, қоқыстардан тазартылды. Жалпы тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінен 130 адам жұмылдырылды.
Айта кетейік, аудандағы ауылдық округтерде жүргізіліп жатқан тазалық шаралары әкімдіктер тарапынан бақылауға алынған. Бүгінде аудан бойынша абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.

Жалпы, биыл Түркістан облысында көктем айларында қала аумағына және саябақтар мен көшелерге, тағы басқа нысандарға 104 300 түп көшет егілді. Атап айтқанда, терек, емен, ива, үйеңкі, катальпа, арша, кіші жапырақты қарағаш, өрік, аморфа егіліп, қаланың сәніне сән қосты. Шаһарда 200 мың түп гүл отырғызылуда. «Таза Қазақстан» акциясы бұл жұмыстарға айрықша серпін беріп жатыр. Көгалдандыру жұмысы күшейе түсті.

Айта кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталған болатын. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді.

Leave a reply