САЙРАМДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТАЗАЛЫҚ ШАРАЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Сайрам ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында көшелерді қоқыстан тазарту жұмыстары қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгін Сайрам аудандық Жастар Ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудандағы өзен жағалауларында қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Аталған игі іс-шараға аудандағы жастар мен еріктілер белсене атсалысты. Нақтырақ айтқанда, өзен бойына бейберекет тасталған тұрмыстық қатты қалдықтардан, күл-қоқыстардан арылтты. Су арналарына кедергі келтіретін шөп-шаламдарды тазалап, судың еркін ағуына мүмкіндік жасады. Бұдан бөлек, жол жиегіндегі бағаналарды сырлап, аудан көркінің ашылуына үлестерін қосты.
Бұл бағытта аудан көлемінде сенбілік жұмыстары да қарқын алған. Аудан тазалығына, оның ажарының ашылуына атсалысу – туған жерге деген сүйіспеншілік болып саналады. Осы орайда, қоршаған ортаны қорғау, оның экологиялық тазалығын сақтау мақсатында аудан әкімі Арман Сәбитовтің бастамасымен аудан аумағында сенбілік шарасы өтті. Тазалық жұмыстарына аудан әкімдігінің, ауылдық округ әкімдіктерінің, дербес бөлімдердің, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері, аудан тұрғындары мен ерікті жастар атсалысты. Әрқайсысы өздеріне тиесілі аумақтарға тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталған сенбілік жұмыстары аясында республикалық, облыстық маңызы бар автожол жиектері, ішкі көшелердің бойы, арық-атыздар бейберекет тасталған күл-қоқыстардан, шөп-шаламдардан тазартылды. Мекеме аулаларындағы орындықтар мен жол бойындағы бағаналар сырланды. Гүл көшеттерінің түптері қопсытылып және суғарылып, ағаш түптері әктелді. Сондай-ақ, қираған темір қоршаулар қалпына келтірілді.
Айта кетейік, жалпы аудандық сенбілік жұмыстары көшелерді күтіп-таза ұстау және қоршаған ортаны қорғай отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Осыған дейін аудан басшысы тазалық жұмыстарының барысын бақылаған болатын. Сәуір айынан бастап республика бойынша «Таза Қазақстан» тазалық науқаны басталған болатын. Акция аясындағы іс-шаралар ауданымызда бүгінде өз жалғасын тауып жатыр. Осы орайда, аудан аумағын көркейту бағытында аудан әкімі Арман Сәбитовтің бастамасымен аудан, ауылдық округ аумағындағы тұрғын үйлердің аулалары мен көшелері тазаланып, көріктендіру, абаттандыру шаралары қарқынды қолға алынуда. Атап айтқанда, шөп ору, ағаш түптерін әктеу, темір қоршаулар мен орындықтарды сырлау, қураған ағаш бұталарын қырқу, жол жиектері мен арық-атыздарды қоқыс қалдықтарынан арылту жұмыстары апта сайын қызу жүруде.
Айта кетейік, аудан аумағында жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін жалпы 72 сенбілік өткізілді. Сенбіліктерге жалпы 135000 адам және 267 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 5012 тонна күл-қоқыс қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон аумақтарына шығарылды. Сенбілік барысында 753 шқ. облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелер, 52 шқ. аяқжол, 98 шқ. ирригациялық жүйелері мен арық-атыздар күл-қоқыстардан тазаланды. Бұдан бөлек, 16 саябақ пен сквер, 33 аялдама, 42 спорт және балалар алаңшалары мен 12 стрит-воркауттар сырланып, қалпына келтірілді. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» КММ тарапынан берілген 23200 түп көшеттер жол жиектеріне, өзен жағалауына және демалыс аумақтарына отырғызылды. Сонымен қатар, демеушілер есебінен берілген 2000 ағаш және гүл көшеттері егілді.
Қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын аудан әкімі Арман Сәбитұлы әр ауылдық округтерді арнайы аралап, тазалық жұмыстарының атқарылу барысын бақылады. Аралау барысында орын алған олқылықтар бойынша тиісті сала басшылары мен орынбасарларына, сондай-ақ, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар сын-ескертулер берді. Алдағы уақытта тазалық жұмыстарын бұдан да қарқынды жүргізуді тапсырды.
Мұндай игі шаралар аудан әкімінің жіті бақылауында. Аталған бағытта аудан, қала көлемінде тазалық жұмыстары жалғасады деп күтілуде.