САЙРАМДА ТҰҢҒЫШ РЕТ «КӨСЕМ» ДРАМАСЫ САХНАЛАНДЫ

0
33
Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына – 113 жыл.
Сайрам аудандық Қазақ халық театры Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне «Көсем» атты психологиялық мұңды драмасын сахналады. Қойылымды тамашалауға аудан әкімі Арман Сәбитов, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Оқиға өткен ғасырдың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен елін әділ басқарған Дінмұхамед Қонаев төңірегінде өрбиді. Сахнада сол кезде Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Қонаевтың себепсіз жұмыстан алынуы, Мәскеуден оған жасалған қысым мен жастардың азапталуы көңіл толқытады. Саяси көзқарасы мен сол кездегі “лениндік” саясатты бетке ұстап, қарсылығын білдірген жастар дара қайраткерін барынша қорғайды. Елдік мүддені биікке көтереді.
Осынау қойылымды деректерге сүйеніп, көркемдеген автор — халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері, доцент, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Болаттемір Алтаев. Ал сахнаға үкілеп һәм әсерлеп шығарған белгілі режиссёр, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иесі Әскер Құлданов.
Айта кету керек, бұл тақырыптағы пьеса тұңғыш рет қойылып отыр. Қойылымның әсері соншалық, көрермендер бірде күрсініп, бірде жадырап, тамашалады. Ал театрдың әртістеріне өз міндеттерін әсерлі, әдемі, кәсіби түрде орындағаны үшін жиылған жұрт ұзақ қол соғып, тік тұрып, құрмет көрсетті.
Қойылым соңында театр ұжымына аудан әкімінің Арман Сәбитовтің және «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Түркістан облысы, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Шәріпбек Жамалбековтің, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» Шатырхан Кермбековтің ықылас гүлі табысталды. Олар сахна төрінде шығармашылық топпен арнайы кездесіп, театр ұжымының өнерін жоғары бағалады.

Leave a reply