Сайрамда құбыр шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр
Кәсіпорын өнімдеріне соңғы кездері сұраныс та артқан. Себебі, су, газ жүйелері мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде қарқын алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру белсенді жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде іске қосылған «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар шығарса, кейіннен су құбыры өндірісін қолға алған. Қазіргі таңда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрі шығарылады. Дайын өнім негізінен газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа пайдаланылады. Мұнда жылына қалыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына жөнелтіледі. Ал диаметрі 400 миллиметрді құрайтын поливинилхлорид құбырларын еліміз бойынша жалғыз осы зауыт өндіреді екен. Жалпы зауытта жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Өндіріске қажетті барлық техника Германиядан әкелінген. Немістің «Крас Маффай» фирмасының қондырғылары. Мұнай қалдығынан жасалатын полиэтилен грануласы елімізде Павлодар қаласында ғана шығарылады. Алайда ол тапсырыс беруші көптеген кәсіпорындардың технологиясына сәйкес келмейді екен. Сол себепті, өндіріске қажет шикізат қазір тек көршілес Өзбекстаннан жеткізіледі. «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған. Қазір кәсіпорынның жылдық тауар айналымы 4 млрд теңге.