Сайрамдық диқандар масақты дәнді дақылдардан мол өнім алу
Сайрамдықтар қалып-тасқан дәстүр бойынша өсірілген өнімді жинап алудың қам-қарекетінде жүр. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің биылғы көкөніс, жеміс-жидек, картоп және мал азығындық дақылдардың жиналып, дайындалғаны туралы мәліметіне көз жүгіртсек, көрсеткіш көңіл тоғайтады. Мәселен, аудан бойынша қазірдің өзінде барлығы 30060 тонна жеміс-жидек жиналды. Атап айтқанда,18250 тонна алма, 220 тонна шие, 310 тонна құлпынай, 11280 тонна алхоры межелі жерге жеткізілді.
«Екінші нан» аталып кеткен картоптан биыл 69400 тонна өнім жинау көзделсе, бүгінгі таңда 101700 тонна өнім алынды. Сөйтіп, жоспардың орындалуы 146,54%-ды құрады. Жалпы, барлығы 155300 тонна көкөніс жинау межеленсе, бүгінде оның 107157 тоннасы жиналып алынды.
Сайрамдықтар сондай-ақ, алдағы қыстамаға мал азығын дайындауға басты назар аударып отыр. Бүгінге дейін аудан бойынша барлығы (өлшем бірлігі мың тонна) 487,4 тонна сояулы мал азығы, соның ішінде 276,79 тонна жоңышқа, 157,8 тонна табиғи шөп, 32,41 тонна сабан, 21,1 тонна пішендеме әзірленді. Мал азығын дайындау әлі де жалғасып жатыр.
Биылғы жылы сайрамдық диқандар масақты дәнді дақылдардан мол өнім алудың қамқарекетін ертеректен-ақ бастаған еді. Соның арқасында 15810,93 тонна өнім жиналды. Бидайдың гектар байлығы орташа есеппен 20,5 центнерден айналды. Ал, арпадан бүгінге дейін 2600 тонна өнім жиналса, оның әр гектарынан 18,0 центнер өнім түсті. Сөйтіп барлығы 4680 тонна өнім жиналды.
Қазір ауданның диқандары мен бағбандары ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдалана отырып, өсірілген өнімдерді жинап алу үшін күш-жігерлерін жұмылдыра түскен.