САЙРАМ: АУДАНДА «ДАУЛАРДЫ МЕДИАЦИЯ ТӘСІЛІМЕН ШЕШУДІҢ ОҢ ТӘЖІРИБЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиын аясында «Дауларды медиация тәсілімен шешудің оң тәжірибесі» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Аталған кездесудің мақсаты – тараптардың дауласушылық деңгейін төмендетіп, екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау.
Кездесуге ҚХА жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, кәсіби медиатор Сайера Даванова, кәсіби емес медиаторлар Сихымбай Сағындықов және Жасұлан Қуандықов, Сайрам ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің басшысы-аға сот орындаушысы Ермек Қырғызов, адвокат Серік Бердалиев, этномәдени бірлестік өкілдері және «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің белсенді мүшелері қатысты.
Кездесуді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-сі Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы ашып, жүргізіп отырды.
Жарыссөзге шыққан Жасұлан Қуандықов өркениетті елдерде бүгінде медиация институтына мықтап ден қойылып жатқанын, бұл ретте медиация ұғымы қазаққа да жат емес екенін тілге тиек етті.
«Медиация – жаңа әрі маңызды бағыт. Медиацияның соттан ең басты айырмашылығы – ұтқан, ұтылған деген тарап болмайды, себебі олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келуі керек», – деп, өз ойын ортаға салды.