Thursday, November 21

САЙРАМ: АУДАНДА ЕЛ БІРЛІГІН НЫҒАЙТҚАН ІРГЕЛІ ІСТЕР МОЛ

0
9

«Қоғамдық келісім» КММ-ң Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қарамұрт ауылдық мәдениет үйінің мәжіліс залында Түркістан қаласында 21.05.2024 жылы өткен «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» тақырыбында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясындағы тапсырмаларды насихаттау бойынша ақпараттық-насихаттық тобының этнос жастарымен кездесуі өтті.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалы Қарамұрт бастауыш партия ұйымының төрағасы Досметов Тахир, аудандық Ассамблея жастарының белсенді мүшесі Намаджанов Олимжан Намаджанович, Қарамұрт ауылдық аналар кеңесінің мүшелері және этнос жастары қатысты.
Базарбай Мамадиярұлы өз сөзінде: Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.
Биылғы көктемде алапат су тасқыны оннан астам өңірлерде тұтас елді мекендерді жайпады. Дәл осы қиын-қыстау күндерде халқымыздың бекем бірлігі мен ынтымағы көрініс тапқанын Мемлекет басшысы айрықша атап өтті – деп өз ойымен бөлісті.
Жиында сөз алған О.Намаджанов: Қарамұрт ауылының жастары алдағы уақытта «Бабалар үні» тақырыбындағы этнос өкілдері арасында қазақтың эпостық жырларын жатқа айту байқауына, «Әнім сенсің – туған жер» тақырыбында патриоттық әндер байқауына, сондай-ақ «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының өңірлік байқауына, этнос жастары арасында «Ұлттық ойын – ұлттық қазына» тақырыбында және «Бірлік» тақырыбында спорт сайыстарына қатысуға ниетті екенін білдірді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтыратын сұрақтарға тұшымды жауаптар алды.

Leave a reply