САЙРАМ АУДАНЫНДА «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Сайрам ауданына қарасты Көлкент ауылында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Сәбитов арнайы қатысып, орталықтың ішкі жағдайымен танысты. Аталған мекеме тұрғындардың сұранысы бойынша жүзеге асқан. Жаңа орталықта спорттық ойындармен айналысып, медициналық көмек алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, тұзды бөлме мен демалысқа арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Ондағы басты мақсат – зейнет жасындағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасап, денсаулығын нығайтып және уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беру.
Еске сала кетейік, аудандағы алғашқы орталық Ақсукент ауылдық округінде ашылып, жақсы нәтиже көрсеткен болатын. Осы ретте, шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындары үшін кезекті нысан Көлкент ауылында салынып отыр. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар бұл бастамаға ризашылықтарын білдірді.