САЙРАМ АУДАНЫНДА КАДЕТ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі Green school иновациалық жайлы мектебінен «Жас құтқарушы» кадет сыныбы ашылды. Бұл – төтенше жағдайлар саласы бойынша Түркістан облысындағы бірінші болып ашылып отырған жас құтқарушылар сыныбы.
Игі шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Асқар Төлешев арнайы қатысып, жас өрендерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Сайрам аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Асанғали Төлепбергенов, Green school инновациялық жайлы мектебінің директоры Нұрлан Өтепов және басқа да аудан азаматтары қатысты.
– Жас кадеттер төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік негіздеріне үйреніп, саптық дайындықтан өтеді. Мектепішілік және ведомстволық іс-шараларға белсенді қатысады. Атап өту керек, Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жас ұрпақпен жүйелі жұмыс жүргізуде. Негізгі назар балаларға төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс әрекет ету ережелерін үйретуге бағытталған. Бұл олардың қауіпсіздік дағдыларын ерте жастан қалыптастыруға ықпал етеді, — деді Асқар Төлешов.
Шара барысында төтенше жағдайлар органының қызметкерлері оқушыларды азаматтық құтқаруға арналған құрал-саймандар мен арнайы өрт сөндіру көлігінің жұмысымен таныстырды. Шара соңында мектеп директоры Нұрлан Өтепов кадет сыныбының ашылуына атсалысқандарға мектеп ұстаздары мен шәкірттері және ата-аналар атынан алғыс білдірді.
Айта кетейік, бұл бастама Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Білім басқармасының бірлескен шарасы болып табылады. Кадет сыныбының басты мақсаты – оқушыларға азаматтық қорғау органдарының қызметі мен ережелерін, талаптары мен жауапкершілігін тереңдете ұғындыру.