САЙРАМ АУДАНЫНДА МАЛ ҚАЛДЫҚТАРЫН ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТТАР САЛЫНАДЫ
Ұлттық жобаның бірінші бағыты – бұл шикізаттық емес секторға инвестициялардың өсуі, сондай-ақ құн жасаудың жаһандық және өңірлік тізбектеріне кіру негізінде экономиканы әртараптандыру. Екінші бағыты – өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру арқылы халық табысының өсуі. Үшінші бағыты – төмен көміртекті даму трендін ескере отырып, ЖЭК базасында электргенерацияның озық дамуы. Жоба 5 бағыттан тұрады, 6 негізгі міндет және 13 көрсеткіш айқындалған: Индустриялық-инновациялық даму; Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту; Геологиялық зерттеулерді дамыту; Энергетикалық кешенді дамыту; Шикізаттық емес экспортты ілгерілету.
«Индустриялық-инновациялық даму» бойынша бірінші бағытта екі негізгі міндет айқындалды: 1) өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту; 2) өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту. Бұл үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алуға және енгізуге, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға арналған шығындарын өтеу жөніндегі кешенді шаралар әзірленетін болады. Осылайша, 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың үлесін 23%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы жабдықтар мен машиналарға негізгі капиталға салынған инвестициялар 1 трлн. теңгелен астам. «Өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту» міндеті шеңберінде 418 индустриялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
2025 жылға қарай негізгі капиталға 11 триллионнан астам теңге инвестиция тартылады, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің өнімін экспорттау көлемі 24 млрд. АҚШ. долларына ұлғаяды. Құрылған жаңа жоғары білікті жұмыс орындарының саны шамамен 100 мыңды құрайды. 2025 жылға дейін іске қосу жоспарланған ірі жобалардың мысалдары: “Monterra Qasaqstan” ЖШС, “Еврохим-Қаратау” ЖШС, “Мега Смарт” ЖШС, “KamLit KZ” ЖШС және басқалары. Бұл ретте республикалық деңгейде 50 негізгі жоба айқындалды.
«Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту» бағыты бойынша сыртқы сұранысты қанағаттандыру үшін ірі жоғары технологиялық мұнай-газ химиясы өндірістері енгізілетін болады. 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ химия зауытын пайдалануға беру. 1) полипропилен өндірісі; 2) бензин мен полипропиленге арналған қоспа өндірісі; 3) метанол өндірісі; 4) полиэтилентерефталат өндірісі; 5) Қашаған кен орны шикізаты базасындағы газ өңдеу зауыты. Нәтижесінде мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 360 мыңнан 2 млн.тоннаға дейін 5 есеге ұлғаяды, сондай-ақ экспорт 9 есеге (0,15-тен 1,4 млрд.АҚШ долл) өседі.
Геологиялық барлау саласын дамыту инвестициялық тартымдылықты арттыруға және геологиялық материалдарды сақтау мен өңдеу бойынша қазіргі заманғы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Аумақтың геологиялық зерттелуін қамту 683,9 мың шаршы км-ге (1576,5-тен 2 260,4 мың шаршы км-ге дейін) ұлғаяды. Бір қор қоймасы, 2 керн қоймасы салынады және 4 керн қоймасы жөнделетін болады. Төртінші бағыт экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында энергетикалық кешенді жаңғыртуды көздейді. 2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту есебінен 5 404 МВт қосымша қуаттарды, оның ішінде 2 400 МВт ЖЭК қуаттарын, 1 400 МВт бу – газ қондырғыларын және 1 604 МВт іске қосу жоспарлануда.Қабылданған шаралардың нәтижесінде электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК-тен алынатын электр энергиясының үлесі 6%-ға жетеді. Жобаларды іске қосу экономиканың электр энергиясына қажеттілігін 120 млрд.кВтс дейін өтеуді қамтамасыз етеді.
Шикізаттық емес экспортты ілгерілету бағыты бойынша шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд. АҚШ долл. дейін өсіру міндеті шешілетін болады.Бұл үшін жаңа экспорттаушыларды өсіруге және жұмыс істеп жатқан экспорттаушылардың құзыреттерін арттыруға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасын дамыту жалғасады.1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар 350-ге жуық экспорттаушыны электрондық сауда платформаларына (Alibaba, Amazon, OZON) шығару жоспарлануда.Мемлекеттік эталондардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін сынақ зертханалық базаларының 30%-ы (250-ден астам) жаңғыртылатын болады.Экспорттаушыларды сыртқы нарықтарға ілгерілету мынадай шаралар есебінен қолдау табады:- экспорт алдындағы және экспорттық қаржыландыру;- сақтандыру, айналым қаражатын толықтыруға қаржыландыру;- Экспорттаушылардың шығындарын өтеу (сауда сөрелері мен сауда алаңдарын жалға алу, шетелдік сертификаттаудан, аккредиттеуден, инспекциядан өту, тауарларды шетелде жарнамалау, шетелдік көрмелерге, форумдарға, жәрмеңкелерге, конкурстарға қатысу);- экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеу.Нәтижесінде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 14-тен 29 млрд. АҚШ долларына ұлғаяды. Көрсетілетін қызметтер экспортының өсуі 2,4 есені (5-тен 12 млрд. АҚШ долл.) құрады.
Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн.теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 402 млрд. теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр.Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесі 2025 жылы мынадай нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу болады:– 102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны;- еңбек өнімділігінің 20%- дан астамға өсуі;- өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемін 1,5 есеге ұлғайту.- шикізаттық емес экспортты 41 млрд. АҚШ долларына дейін екі есеге ұлғайту.- ЖЭК-тен электр энергиясының үлесі генерацияның жалпы көлемінің 6%-ын құрайды.Ұлттық жоба Жалпыұлттық басымдықтарды және елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын іске асыру үшін қалыптастырылды және 2025 жылға қарай орнықты экономикалық өсуді 5%-тен төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.
2021 жылы елімізде «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бекітілді. ҚР Үкіметінің 12 қазандағы №730 қаулысымен қабылданған ұлттық жобаның негізгі мақсаты – экономиканы әртараптандыру. Сөйтіп, халықтың табысын арттырып, тұрмысын түзеу. Әрине, зымыран уақыт атқан оқтай, бұлаңдап шапқан аттай ұстатпайды. Әне-міне дегенше бұл ұлттық жобаның қабылданғанына да бір жылға жуықтады. 2025 жылға дейін алға қойылған жоспарды түгел орындау үшін ұлттық жоба аясында қандай жұмыстар қолға алынды?
ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛАДЫ?
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жоба маңызды шешімдердің бірі. Мамандардың дерегінше, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасын жүзеге асыру 2025 жылға қарай нәтиже бермек. Ұлттық жоба негізгі бес бағытты қамтиды. Олар индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ химия кешені мен геология саласын дамыту, энергетика саласын жандандыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету. Осындай негізгі бағыттарға сай жұмыс істейтін ұлттық жобада әр бағыт бойынша негізгі міндеттер де айқындалған.
Аталған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізіп, игі жобаның ізгі нәтижесін көру үшін 15,9 трлн теңге жұмсалады. Ұлттық жобаны іске асыруға қажетті қаржының 402 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді, қалған 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар есебінен қарастырылады. Оны толықтай іске асыру нәтижесінде тұрақты экономикалық өсім кемінде 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіледі. Елімізде 127,8 мың жұмыс орны құрылады. Оның 102,8 мыңы – тұрақты жұмыс, қалған 25 мыңы – уақытша жұмыс орны болмақ. Үкімет жоспары осындай.
БАҒЫТТАР БОЙЫНША БҮГІНГІ БАҒАМ
- Индустриялық-инновациялық даму
Индустриялық-инновациялық даму бағыты екі негізгі міндетті қамтиды. Олар – өңдеуші кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту және өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту арқылы өндіріс көлемін ұлғайту. Аталған жоспарды іске асыру үшін 11,46 трлн теңге қарастырылады. Оның ішінде бюджеттен тыс негіздегі қаржы көлемі 11,2 трлн теңгені құрайды.
Цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындардың үлесі 2020 жылы 6,1 пайызды құраса, жоба нәтижесінде бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 23 пайызға дейін артады. Алдағы үш жылға осындай үлкен міндет қойылып отыр. 2020 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі – 13,23 трлн теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш – 15,79 трлн теңгеге жеткен. Аталған қаржы көлемін 2023 жылы – 17,11 трлн теңгеге, 2024 жылы – 18,41 трлн теңгеге, 2025 жылы – 19,69 трлн теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Ұлттық жоба аяқталар уақытқа қарай өңдеу өнеркәсібіне жалпы қосылған құн көлемін 15 трлн теңгеге дейін арттыру міндеттелді. Енді осы міндеттердің орындалғаны керек.
Экспортқа бағытталған өнімдер көбірек шығарылып, олардың көлемі де 9,1 млрд долларға дейін ұлғаймақ. Жаңа жобаларды іске қосу есебінен өңдеуші кәсіпорындардан түсетін салық көлемі де артады. Бұл көрсеткіш 2025 жылы 417,3 млрд теңгеге артады деп күтіледі. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 11,2 трлн теңге жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.
- Мұнай-газ химия кешені
Қазақстанда мұнай-газ химия саласын дамыту қажеттігі бұрыннан күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл экономиканың шикізаттық бағытынан алшақтап, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді. Және жаңа нарықтық тауарларды айқындап, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құруға және экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал жасауға таптырмас мүмкіндік саналады. Бұл үшін бес саланы қамтитын мұнай-химия кластері құрылуда. Қазақстанда полипропилен, метанол, бензинге арналған қоспа, полиэтилентерефталат өндірілетін болады. Газ өңдеу зауыты да іске қосылады. Аталған зауытқа негізгі шикізат көзі ретінде Қашаған кен орны тартылмақ.
Мұнай-химия кластерін құру үшін жалпы көлемі 2,46 трлн теңге қажет етілсе, оның 2,42 трлн теңгесін жеке инвестициялардан тарту көзделуде.
Ұлттық жобаны әзірлеуші мамандардың айтуынша, мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 2020 жылғы 360 мың тоннадан 2025 жылы 2 млн тоннаға дейін өседі. Бұл ұлттық жоба мерзімі аяқталғанша 5,5 есеге көбею дегенді білдіреді. Осы бағыттағы экспорт көлемі 1,36 млрд долларға дейін артпақ.
- Геология саласын дамыту
Ұлттық жоба негізінде түрлі іс-шараларды ұтымды ұйымдастыру арқылы геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығы арттырылады. 2025 жылға қарай осы салада 14 инвестициялық пакет қалыптастырылады. Геологиялық материалдарды сақтау және өңдеу жұмыстары да 100 пайыз мемлекеттік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Және ұлттық жобаның соңына қарай геологиялық-геофизикалық зерделеумен қамту жұмысы ұлғая түседі.
- Энергетика саласын дамыту
Бұл бағыт бойынша экономиканы орнықты дамыту талаптарына сай келетін энергетикалық кешенді жаңғырту басты міндет болып табылады. Себебі, ел экономикасы мен халықтың сұранысына сай электр энергиясына деген қажеттілік жылдан жылға артып келеді. 2025 жылға қарай іске қосылған электр қуатының қосымша көлемі 5341 МВт құрайтын болады. Бұл алға жылжу жаңартылған энергия көздерінің жаңа қуаттары мен аралас циклді станциялар және энергия өндіруші ұйымдармен инвестициялық келісімді іске асыру есебінен жүргізіледі. Бұл ретте энергия тасымалдаушы ұйымдардың саны 2017 жылғы деңгейден 30 пайызға дейін қысқарады.
- Шикізаттық емес экспортты ілгерілету
2025 жылға қарай сыртқы сауданың жалпы көлеміндегі тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының үлесін 32-ден 45,7 пайызға дейін, көлемін 41 млрд долларға дейін екі есеге арттыру жоспарлануда. Оның ішінде шикізаттық емес тауарлар экспорты 29,5 млрд долларды, қызмет көрсету 11,5 млрд долларды құрайды.
Бұл көрсеткіш пен алға қойылған жоспарға қол жеткізу үшін республикалық бюджеттен барлығы 34,5 млрд теңге қажет. Ал, мемлекет қазынасынан қаржылық қолдау шараларына 23,18 млрд теңге, қаржылық емес қолдауға 2,41 млрд теңге бөлінеді.
Елде 1000 белсенді экспорттаушы жұмыс істейтін болады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 540-ты құраған. Сондай-ақ, қазақстандық кәсіпорындар халықаралық электронды платформаға шығарылады. Олар экспортты жеделдету бағдарламасына қатыса алады.
2025 жылға қарай кем дегенде бес жаңа аккредиттеу схемасын енгізу жоспарлануда. Ал, жаңартылған сынақ зертханаларының үлесін 30 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл үшін зертханалық база жаңартылып, экономика салаларында стандарттарды қолдану деңгейін есепке алу және талдау жүйелері енгізіледі. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болған «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының қабылданғанына бір жыл болып қалды. Облыс әкімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұлттық жобаның жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды қамтамасыз ету жүктелген. Қазіргі таңда осы бағытта іс-шаралар атқарылуда. Ел экономикасын әртараптандыру әрі ілгерілетуді мақсат еткен ұлттық жобадан халықтың күтері мол. Жоба негізінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жалпы ішкі өнім мөлшері артпақ. Жобаның мерзімі 2025 жылы аяқталады. Әлі артық уақыт бар. Осы уақытта жоспар бойынша жұмыс жүргізілер болса, ел әлеуеті алдағы уақытта қазіргіден де жақсара түспек.