Сайрам ауданының кәсіпкерлері мал сою бекеттерін дамыту бойынша ұсыныс берді

0
128

Елімізде «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бекітілген болатын. Ұлттық жоба Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Нақтырақ айтқанда, отандастарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту деген сөз. Азаматтардың өмір сүру сапасы олардың табысы көбейген кезде ғана жақсарады. Бұл болашақтың, елдіктің ұлттық жобасы. Осы бағытта Сайрам ауданында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сайрам аудына қарасты Қарабұлақ ауылында мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары қадағаланып, ретке келтірілетін болады. Малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолы кесіліп, санитарлық талапқа сай болуы бақыланады. Сонымен бірге малдың қанын, сүйегін, ішек-қарнын, терісін терең өңдейтін зауыттар ашылады.

– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі берген ұсыныстарыңыз бойынша жұмыс жүреді. Қолдаймыз. Бірақ, қазір бірінші кезекте санитарлық жағдайды ретке келтіріп, қоғамда талқыланып жатқан мәселені реттеуіміз қажет. Малдың қанын арыққа ағызу, қоршаған ортаны ластау мүлдем дұрыс емес. Тоқтатылады. Ауылдағы әрбір мал сою бекеті, кәсіпкерлер, мал саны толық есепке алынып, тіркелсін. Жұмыс тобы құрылсын. Жауапты басқарма мен аудан, ауыл әкімдігіне осы мәселені шұғыл шешуді тапсырамын. Бірінші кезекте малдың қалдығын тастайтын арнайы шұңқыр дайындалады. Оған жер бөлініп, тиісті жұмыс жүреді. Жауапты мекемелер осы шаруаны жүзеге асыруға күш салуы тиіс. Бірақ бұл жүйелі әрі түбегейлі шешу үшін мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салған жөн. Қалдықтардан балық, құс шаруашылығына қажетті азық әзірлеуге мүмкіндік мол. Осы бағытта біз шетел инвесторларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Малдың қанын, ішек-қарнын, терісін, сүйегін өңдейтін кәсіпорындар ашамыз. Дегенмен, осы кәсіпорындарды өздеріңіз ашқандарыңыз ұтымдырақ болады. Егер өзара келісіп, зауыттар ашатын болсаңыздар алдымен сіздердің ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Өздеріңіз ақылдасып, бірігіп, араларыңыздан үйлестіруші азаматтарды сайлап, осы бағыт бойынша ұсыныс беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Аудан кәсіпкерлері мал сою бекеттерін дамыту, мал қалдығынан балық шаруашылығына қажетті азық дайындау, кондитер өнімдерін шығару, кәсіпкерлікке сертификат беру, инфрақұрылыммен қолдау көрсету және өзге де жобалар бойынша ұсыныстар берілді. Бұл өтініштер бақылауға алынып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізіледі. Жұмыс сапарында облыс әкімі Қарабұлақ ауылындағы мал сою бекетінің жұмысымен танысты. 30 адам жұмыспен қамтылған бекетке 200 млн. теңге инвестиция салынған. Жобаның қуаттылығы – тәулігіне 100 бас мал.

 

Leave a reply