Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы өнімі бойынша облыста көш бастап тұр

0
117

Сайрам ауданы – ауылшаруашылығы өркендеген іргелі аудандардың бірі. Аталған салада жыл басынан бері 103,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, облыста көш бастап тұр. Бұл жайында аудан әкімі Арман Сәбитов брифингте мәлімдеді.

Сонымен қатар, аудандағы жылыжай шаруашылығы да биылғы жылдың 9 айында жоспарды асыра орындап, нәтижесінде аймақтағы жылыжай көлемі 75,7 гектарға жеткен. Сондай-ақ, мал шаруашылығындағы оң нәтижелер бар.

– Ауыл шаруашылығы өнімінің 57%-ы мал шаруашылығында өндірілді. Сайрам ауданы еліміздегі ең ірі мал сою орындары бар өңір. Сондықтан мұнда бұл салаға байланысты біршама үлкен жобалар қолға алынуда. 2024-2025 жылдары мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттарды салу жоспарланып отыр, – деді аудан басшысы.

Ауданның инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер жетерлік. Өңірге қарасты 42 елді мекен толықтай электр жарығымен қамтамасыз етілген. Ал табиғи газбен қамтылу көрсеткіші бүгінгі таңда 81 пайызды құраса, жыл соңына дейін 88%-ға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, аудандағы жақсы және қанағаттанарлық деп танылған жолдардың үлесі өткен жылы 62,4 пайызды құраса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 70 пайызға жеткен.

Leave a reply