САЙРАМ: БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

Бүгін Сайрам ауданы, Ақсу ауылындағы орталық саябақта Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Шара барысында Кеңес Одағының Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай, батырға арнап салтанатты түрде еңселі ескерткіш ашылды.
Айтулы жиынға аудан әкімі Арман Сәбитов, ҰОС ардагері Ахмаджан Анартаев, тыл және еңбек ардагері Лесбай Абжаппаров, ауыл тұрғындары мен жастар қатысты.
– Отан үшін оққа кеудесін тосқан жауынгерлер ерлігін ұмытпау, бүгінгі бейбіт өмірді ұрпаққа аманат ету – біздің қасиетті борышымыз. Бауыржан Момышұлының ескерткішін орнату – қазақтың біртуар перзентіне деген құрметтің көрінісі әрі елдікке үндейтін өнегелі іс, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Ерлік пен елжандылықтың символына айналған батырдың бейнесі – жас ұрпаққа рухани бағдар, тәлім мен тәрбие көзі болары сөзсіз.
🔗 Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі