САЙРАМ: ДІНИ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТҮРЛЕРІ МЕН ҚЫЗМЕТТЕРІ ҚАНДАЙ?

0
18


Дінтану ғылымында діннің философиялық, теологиялық, феноменологиялық, әлеуметтанулық, психологиялық, биологиялық анықтамалары қалыптасқан.
Біз бірінші кезекте дінді әлеуметтік құбылыс, қоғамдық институт ретінде қарастырамыз және діннің жоғарыда аталған анықтамаларын осы қадым тұрғысынан талдайтын боламыз. Сайрамдық тұрғындардың назарына діни идеология және дінаралық келісім жөнінде мәліметтерді ұсынамыз.
Әлеуметтік құбылыс ретінде дін – діни сана, діни ілім, діни әрекет, діни қатынастар мен ұйымдар сияқты элементтер мен құрылымдардан тұрады.
Дінді әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырғанда, басты мәселе діни сана объектілерінің ақиқаттылығында немесе жалғандығында екенінде емес, олардың адамның ой-санасына, жүріс-тұрысына, ұстанымдары мен құндылықты бағдарларына қалай әсер ететіндігінде.
Қоғамдағы адамдардың бәрі бірдей Құдайға сене бермейді. Алайда дінге келіп, иманға бет бұрған адам Илләһи заңдарды орындауды өз өмірінің ең мәнді құрамдас сипаты ретінде қарастырады. Сондықтан діни әрекеттің ең маңызды бағыты – ғибадат.
Ағылшын антропологы Р. Мареттің пікірінше, дінге ерекше сипат беріп, оны басқа да қоғамдық сана мен әлеуметтік институттардан өзгешелендіретін нәрсе – ғибадат жүйесі. Осы тұрғыда діннің ерекшелігі діни сенімнің немесе діни сенім объектісінің айырықша сипатында емес, діни түсініктер мен ұғымдардың, образдардың ғибадат жүйесінде рәміздік сипатқа ие болып, осы сапада әлеуметтік қатынастарда көрініс табуында. Сондықтан діни сана мен діни әрекет өзара тығыз байланыста болады.
Діни әрекеттің ажырамас құрамдас бөлігі – әдет-ғұрыптар.
Әдет-ғұрыптар әлеуметтік қауымдастықта бекітіліп, дәстүр сипатына ие болған, белгілі бір идеялар мен түсініктерді, мұрат-мақсаттарды рәміздейтін стереотипті іс-қимылдар жиынтығы. Әдет-ғұрыптар ғибадаттардан ерте қалыптасқан болса керек. Дегенмен, әдет-ғұрыптардың бастауында әлде бір тылсым күшке деген сенім жатады. Осы сенімге негізделген әдет-ғұрыптар уақыт өте ғибадат немесе құлшылыққа айналады.
Ғалымдардың пайымдауынша адамзат тарихындағы алғашқы ғұрыптар жерлеу рәсіміне қатысты қалыптасады. Көне мәдениеттерде адамзат қауымдастықтары жерлеу рәсіміне өте үлкен мән берген және мұқият тиянақтылықпен атқарған. Жерлеу рәсіміндегі қателіктер рухтың разы болмауын тудырады әрі артында қалған ұрпақтарына қатер төндіреді деген сенім орныққан, ал мұның барлығының негізінде анимистік, яғни рухтың, жанның мәңгілігіне сенім жатыр.
Археологиялық қазбалар көрсеткендей діни наным-сенімдердің өзгеруіне байланысты жерлеу рәсімі де өзгеріп отырған.
Әдет-ғұрыптар қоғамда маңызды әлеуметтік қызметтер атқарады, солардың ішіндегі бастыларының бірі – әлеуметтік тәжірибені индивидтердің бір-біріне, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыруы. Әдет-ғұрыптардың бәрі бірдей діни наным-сенімдермен байланысты бола бермейді, бірақ діни жүйелерде ғана әдет-ғұрыптар маңызды сапалық ерекшеліктерге ие болады.
Діни әдет-ғұрыптардың ерекшелігі олардың идеялық мазмұнында және қандай идеялар мен түсініктерді, құндылықтарды бейнелейтіндігінде. Әрбір тарихи дін типі өзіне ғана тән ғибадаттар мен әдет-ғұрыптар жүйесін қалыптастырады. Айталық барлық көне мәдениеттерде сумен тазару рәсімдері болған. Тиым салынған харам нәрсемен ластанған адам сумен тазарудың күрделі рәсімінен өтуі тиіс.
Христиан дінінде сумен тазару шоқыну мағынасына ие болды. Ал шоқыну алғашқы күнәдан тазаруды, христиан дінін қабылдауды рәміздейді. Ислам дініндегі дәреттің мәні де осыған ұқсас. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде дәрет суы адамның дене мүшесінің күнәсін тазартатыны туралы көп айтылған.
Діни ғибадат адам мен оның сенім объектісінің арасында белгілі бір қатынастар болады деген сенімге негізделеді. Исламда әрбір ғибадаттың өз сауабы болатыны, оның адамды күнәдан тыйып, жақсылыққа бастайтынына көп мән беріледі. Жалпы ғибадаттар Алланың үкімдері және осыған орай адам Оның үкімдерін орындаса осы дүние де, ақыретте де өзіне бір жақсылық болатынына сенеді.
Діни қатынастардың екі түрін ажыратуға болады.
Біріншісі адам мен Құдай арасындағы қатынастар. Бұл қатынастар жоғары да аталған ғибадаттар арқылы реттеліп отырады. Адам мен Жаратушының арасындағы қатынастың ерекше бір түрі – дұға. Дінтанушылардың пайымдауынша дұға сөздің киелі қасиетіне, адамның белгілі бір объектіге сөз арқылы ықпал ету мүмкіндігі сеніміне негізделеді. Әлемдік діндерде дұға Құдайдан сұрауды, Оны мадақтауды білдіреді.
Діни қатынастың екінші түрі – адамның адамдарға және Құдайдың басқа да жаратылыстарына қатынасы. Соңғысы ислам дінінде шариғат нормалары арқылы, христиандықта канондалған құқық жүйесі арқылы жүзеге асады. Яғни дін адам мен Жаратушы арасында байланыс орнатып қана қоймады, сонымен қатар діни мораль мен Құдай үкімдеріне сүйене отырып, адамның қоғамдағы әлеуметтік қатынастарын да реттейді. Діннің қоғамда алатын орны оның атқаратынқызметтері арқылы нақтыланады. Дін қоғамда дүниетанымдық, компенсаторлық, топтастырушылық, заңдастырушылық (легитимдендірушілік) қызметтер атқарады.
Дінтану мен әлеуметтануда діннің қызметтері деп оның адам мен қоғам өміріне ықпал етуінің сипаты мен бағытын айтады. Яғни дін жеке адамға, жамағатқа немесе жалпы қоғамға не береді, діннің әсерінен қандай өзгерістер орын алады деген сұрақтарға жауап беру барысында оның қоғам мен адам өміріндегі орны мен маңызы айқындалады.
Діннің маңызды әлеуметтік қызметтерінің негізгісі – дүниетанымдық қызметі. Себебі діннің басқа қызметтері содан бастау алады. Дүниетанымдыққызмет адамның қоғамға, табиғатқа деген көзқарасы мен қатынасын қалыптастырады. Діни дүниетаным барлық ғаламды жаратқан Құдай және дүниедегі үдерістер мен құбылыстар Жаратушының қалауымен жүзеге асады деген принципке негізделеді. Діни дүниетаным жеке адам мен қоғамның тіршілік етуінің басты қағидаттарын жасақтайды. Бұл қағидаттар діндердің әлеуметтік-этикалық ұстанымдарында көрініс табады. Дін әлем мен адамның жаратылуын және жаратылыс мәнін түсіндіреді. Діни дүниетанымның анимизм, фетишизм, тотемизм, политеизм және монотеизм тәрізді тарихи формалары бар.
Дiннің компенсаторлық қызметі орын алып отырған жеке және әлеуметтік жағдайларға төзімділікті шыңдайды. Қоғамда әртүрлі әділетсіздіктер орын алып, жазықсыз адамның жапа шегуі жиі кездеседі. Осындайда діннің әмбебапты әділеттілік қағидаты адамға көріп отырған қиыншылықтарының себебін түсіндіру арқылы оларға сабырлылықпен қарауға үйретеді.
Мысалы, христиандық дінде алғашқы туа біткен күнә, яғни Адам ата мен Хауа ананың күнәсі барлық адамдарға таралатыны, Ібілістің адамды азғыруы және т.б. идеялары әділетсіздік пен қиыншылықтардың себебін күнәһарлықпен байланыстырады. Сонымен қатар діни дүниетанымға сай бұл дүние сынақ әлемі, осы сынаққа сабырлық таныту, пайғамбарлық төзімділік пен ұстамдылық жұмаққа ашылатын есік ретінде қарастырылады.
Діннің бұл қызметі адам бойындағы үміт сезімімен тығыз байланысты. «Үмітсіз тек шайтан», ал адам әрқашан Құдайға деген сенімі мен оның мейіріміне деген үмітінен айырылмауы керек. Осылайша дін адамды шарасыздық пен дәрменсіздіктен шығуына мүмкіндік береді. Адамды жұбату арқылы дін оның психикасы мен ішкі жан дүниесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Жоғарыда атап өткеніміздей дiни ғибадаттарды орындау барысында адам Жаратушы мен және басқа да діндарлармен қарым-қатынасқа түседі. Осы қарым-қатынасты орнату арқылы дін коммуникативтiк қызметті жүзеге асырады.
Діннің коммуникативтік қызметі дiни әрекеттер мен қатынастарды, діни ілімді тарату мен алмасу, сұқбаттасу процестерiн қамтиды. Діннің коммуникативтік қызметі тек ғибадат және діни ақпарат алмасу саласымен шектелмейді. Ол діндарлардың діннен тыс қатынастарын да қамтиды (өзара экономикалық қолдау және әлеуметтік көмек көрсету, мейірімділік шараларын ұйымдастыру және т.б.).
Дiннiң реттеушi функциясы белгiлi бiр идеялар, құндылықтар, қағидаттар, рәсім-рәміздер, діни институттардың көмегiмен жеке адамдардың, жамағаттардың әрекетiн және қарым-қатынастарын, санасы мен жүрiс-тұрысын басқаруды жүзеге асырудан көрiнедi. Діни жүйелер қарапайым діндарлар мен жамағаттар үшін үлгі болатын пайғамбарлар мен әулиелердің өмірі мен ілімін дәріптеу арқылы діни жүріс-тұрыс стереотиптерін қалыптастырады.
Қорыта айтқанда, Қазақстан қоғамында, әсіресе жастар арасында діни толеранттылықты, толерантты әдеп пен мәдениетті қалыптастыруда жоғарыда аталған діннің әлеуметтік аспектілерін де естен шығармауымыз керек.
Әрбір діннің өзіне тән ерекшеліктерін, сенім негіздері мен ғибадаттық мәнін терең түсіну діндарлар арасындағы өзара түсіністікке ықпал етеді деген сенімдеміз.
Ж.БИТАНОВ,
Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Сайрам ауданындағы теолог маманы

Leave a reply